Бүгін - геологтар күні

2 Сәуір 2023, 12:06
1563
Бөлісу:
Бүгін - геологтар күні
Фото: ecoinfo.bas-net.by

Елімізде жыл сайын сәуірдің алғашқы жексенбісінде геологтар күні атап өтіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл мереке 2 сәуірге тура келді. Қазақстан өзінің жер қойнауының байлығымен әйгілі. Ал сол кен орындарының игерілуі геологтардың, геофизиктердің, гидрогеологтардың геологиялық, геофизикалық, геохимиялық, химиялық зерттеулерінің нәтижесі болып табылады. 

Еске салар болсақ, 2022 жылдың 30 қыркүйегінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына сапары барысында ауқымды геологиялық жұмыстарға кірісу қажеттігін айтқан болатын. Мемлекет басшысы өңірдің полигонға жақын орналасқаны үшін жер қойнауы ұзақ жылдар бойы игерілмей келгенін атап өтті. 

Абай облысы әкімдігі баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстанда геологияның қалыптасуы Абай облысымен тікелей байланысты. Себебі, 1931 жылдың 31 қазанында Семей қаласында геологтарды дайындау бойынша алғашқы кәсіби Геологиялық-геодезиялық техникум ашылды. 

Сондай-ақ Қазақ геологиялық-геодезиялық техникумының базасында геологиялық барлау жұмысшы факультеті ашылды. 1933 жылы техникум атауы «Қазақ геологиялық барлау техникумы» болып өзгертілді. 

1934 жылы техникум базасында Қазақстанның бірінші техникалық ЖОО – «Қазақ геологиялық барлау институты» ашылды. Осылайша 1934 жылы бір жерде жұмысшы факультеті, техникум және ЖОО жұмыс істеді. 

1937 жылы институт дербес оқу орны болып бөлініп, Алматыға қоныс аударып, Қазақ тау-кен металлургия институты болып аталды. Қазіргі уақытта ЖОО «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті» деп аталады. 

Айта кетер болсақ Абай облысымен көрнекті ғалым, геолог, мемлекет қайраткері, қазақ ғылым академиясының ұйымдастырушысы, әрі алғашқы президенті - Қаныш Сатпаевтың есімі берілген университетпен қоса тұлғаның өзі де байланысты. Қаныш Имантайұлы Семей мұғалімдер семинариясында білім алып, Семейде педагогикалық курстарда жаратылыстану мұғалімі болып жұмыс істеген. Техникалық мектептің алғашқы оқу ғимараты 1935 жылы Семейде пайдалануға берілді. Сол жылы техник-барлаушылар мен техник-топографтардың алғашқы түлектері оқуын аяқтады . Барлығы жиырма сегіз түлек. 

Техникалық мектептің алғашқы түлектері Қазақ Геологиялық барлау институтының алғашқы студенттері болды, олардың ішінде: Жилинский Г.Б. – Лениндік сыйлықтың лауреаты; Богатырев А.С. – болашақ Қазақ КСР Геология министрі; В.И. Штифанов – Лениндік сыйлықтың лауреаты, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, геология және минералогия ғылымдарының докторы. 

Барша геологтармен қатар маркшейдерлер, қопарғыштар, шахта үңгушілері, сондай-ақ пайдалы қазбаларды іздеумен және өндірумен айналысатын басқа да адамдарды төл мерекесімен құттықтаймыз!

Өзгелердің жаңалығы