Бүгін, 8 қаңтарда Қазақстанның жеті қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар орын алып, ауа сапасы нашарлайды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Синоптиктердің мәліметінше, ауаның ластануының жоғары деңгейі Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Ақтөбе және Алматы қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Астанада болжанып отыр.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлар жиынтығы. Оған желсіз немесе әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия жатады.
Мұндай жағдайда елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, бұл тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Ластану деңгейіне синоптикалық жағдайлар, атап айтқанда жел, жауын-шашын, ылғалдылық пен ауа температурасы әсер етеді.