Бүгін, 19 қазанда Ақтөбе, Алматы және Астанада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде желдің баяулауы, тұман және ауа температурасының инверсиясы салдарынан зиянды заттар атмосфераның жерге жақын қабатында жиналуы мүмкін. Соның салдарынан елді мекендерде ауа сапасы нашарлайды.
Мамандар мұндай күндері тұрғындарға ашық ауада болу уақытын қысқартуға, әсіресе көлік көп жүретін жолдардың маңында ұзақ жүрмеуге кеңес береді. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуеннен бас тартқан жөн.
Созылмалы тыныс алу, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдарға далада жүргенде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Сондай-ақ ашық ауадағы дене белсенділігін шектеп, спортпен жабық ғимараттарда айналысқан дұрыс.