Бүгін дүниежүзілік артериялық гипертензиямен күрес күні

17 Мамыр 2022, 10:15
2117
Бөлісу:
Бүгін дүниежүзілік артериялық гипертензиямен күрес күні

Алматы, BAQ.KZ. Артериялық гипертония – жүрек-қантамыр жүйесінің ең кең таралған ауруы.

Оның негізгі белгісі - артериялық қан қысымының жоғары болуы. Қан қысымының деңгейі 140/90 мм сын.бағ. және одан жоғары болса, қан қысымы жоғары болып есептеледі. Оның симптомдары: көбіне ұйқыдан оянған кезде бастың ауруы, әдетте шүйде жағында. Сондай-ақ, пациенттер бас айналу, көру қабілетінің бұзылуы, көз алдында "бұлдыраудың" пайда болуы, құлақтың шуылдауы, жүректің соғысы мен ауырсыну, ентігуге шағымдануы мүмкін.

Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиолог дәрігері, м.ғ.к. Гүлнар Үдербаеваның айтуынша, артериялық гипертония кезінде артериялық қан қысымының көтерілуіне сезімтал ағзалар зақымданады, бұл ми қанайналымының өзгеруі. Жоғары артериялық қан қысымының тұрақты белгілері: жүректің сол жақ қарыншасының гипертрофиясы, жүректің ишемиялық ауруы, жүрек жеткіліксіздігі, ырғақтың түрлі бұзылыстары, атеросклероз, бүйрек пен көздің зақымдануы.

Артериялық гипертония қаупінің факторларына тұқым қуалаушылық, дененің артық салмағы, дене қимылының аз болуы, алкоголь мен тағамда тұздың көп мөлшерін тұтыну жатады.

Артериялық гипертония кезінде науқасқа зерттеудің мына түрлері: қан мен зәрдің жалпы талдауы, қандағы креатинин, калий мен глюкоза деңгейі; электрокардиограмма және эхокардиография; қан сарысуында жалпы холестериннің, зәр қышқылының болуы және көз түбінің зерттеуі жүргізіледі.

Артериялық гипертониясы бар науқастарды емдеу кезінде жүрек-қантамыр асқынуларының даму қаупі мен олардан болатын өлім-жітімді азайту қажет. Бұл өмір бойы ұзақ емделу арқылы іске асырылады. Дәрі-дәрмекпен емдеу ми, жүрек, бүйректі қорғау үшін де бағытталған. Сондай-ақ семіздік, гиперлипидемия, көмірсулар алмасуының бұзылуы, тұзды шамадан тыс тұтыну, гиподинамия секілді қауіптің  жағымсыз факторларына әсер ету қажет, - дейді дәрігер.

Дәрі-дәрмекпен емдеуді жақсы емдік әсерге қол жеткізгенге дейін дозаны біртіндеп арттыра отырып, гипотензивті препараттардың кез келген класының ең төменгі дозаларынан бастаған жөн. Дәрілік затты таңдаудың негізі болуы тиіс, сонымен бірге гипотензивті препарат тәулік бойы тұрақты әсер етуі тиіс. Бір рет қабылдағанда 24-сағаттық әсерге қол жеткізу үшін ұзақ әсер ететін препараттарды қолданған жөн.

Артериялық гипертонияны дәрі-дәрмексіз емдеуге де назар аудару керек, яғни темекі шегуден бас тарту; дене салмағын қалыпқа келтіру; алкогольді ішімдіктерді, ас тұзын тәулігіне 5 г дейін азайту; көкөністер, жемістер, дәнді және сүт өнімдерін тұтынумен дене жүктемесі мен тамақтану режимін өзгерту.

Артериялық гипертониядан зардап шегетін пациенттердің назарын Қазақстанда 2013 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан Ауруларды басқару бағдарламасына (АББ) қатысуға аудару қажет. Бұл бағдарламаға артериялық гипертензия да енгізілді. 2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада артериялық гипертензиямен диспансерлік есепте 1 530 335 пациент тұр, оның ішінде Бағдарламаға 893 143 (58,4%) қатысады. Дәрігерлердің мультитәртіптік командасының пациентпен серіктестік қарым-қатынасы, оны өзіне-өзі көмек көрсете білу дағдыларына үйрету, денсаулыққа әсер ететін факторларды бақылау арқылы нәтижелерге қол жеткізілді. Жалпы пациенттердің денсаулықтары жақсарып, инфаркт және инсульттер, ауруханаға жатқызудың жаңа жағдайлары және т.б. азайды. Мысалы, артериялық гипертензиясы бар АББ-ға қатысатын пациенттерді бақылаған кезеңде, қан қысымының нысаналы деңгейі<140/90мм.сын.бағ. 445 865 пациент қол жеткізді, бұл ҚР бойынша орташа 78,8% - ды құрады. АББ-ға қатыса отырып, өз денсаулығыңызды сақтай білуге үйренуге болады.
 

Өзгелердің жаңалығы