Бұл мәселемен тиімді күресу үшін халықаралық үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ қаншама елдердің мемлекеттік органдары күш жұмылдырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ
БҰҰ 30 шілдені Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні деп жариялады. Бұл күні Астанада «Адам саудасына қарсы бірлесе күресуде» республикалық ақпараттық науқаны өтуде.
Белгілі әнші, Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) ізгі ниетті елшісі Димаш Құдайберген осы атаулы күн қарсаңында адам ұрлау және адам саудасы қаупі жағдайында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы үндеу жасады.
Біз ұлттық құқық қорғау институты ретінде үндеуді қолдаймыз, өйткені қазіргі әлемде зорлық-зомбылық пен құлдық саудасына орын жоқ екеніне кәміл сенімдіміз. Оның үстіне бұл мәселеге қоғамның талай рет назарын аударып, оңтайлы шешу жолдарын ұсынып келдік. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмысты жалғастыруда.
5 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға тарту және т.б. сияқты қылмыстар үшін қылмыстық қудалауды көздейтін «Адам саудасына қарсы күрес туралы» заңға қол қойды.
Бұл Қазақстанның заң шығару және қылмыспен күрес саласындағы тағы бір прогрессивті қадамы болды. Аталған заңның қабылдануы мемлекеттің азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сондай-ақ қоғамдағы қауіпсіздік пен әділеттілікті қамтамасыз етуге бейілділігін көрсетеді.
Осы сәтті пайдаланып, елімізде «116 16» сенім телефоны жұмыс істейтінін еске саламыз. Егер сіз заңсыз бас бостандығынан айыру, адам ұрлау немесе басқа да қылмыстардың құрбаны болсаңыз немесе адамның қиыншылыққа ұшырап, көмекке мұқтаж екендігі туралы ақпарат білсеңіз, дереу осы нөмірге хабарласуыңызды сұраймыз.