Бүгін, 20 қазанда еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атап айтқанда, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Теміртау және Қарағанды қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр.
Мамандардың түсіндіруінше, мұндай жағдайлар – атмосфералық ауаның төменгі қабатында зиянды заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (желдің болмауы, тұман, инверсия) жиынтығы.
Бұл кезеңде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы төмендеп, тұрғындардың денсаулығына әсер ету қаупі артады.
Экологтар ауа сапасы нашарлаған кезде тұрғындарға далада ұзақ уақыт болмауға және физикалық белсенділікті азайтуға кеңес береді.