Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Нұр-Сұлтан қаласының мектептерінде жаттығулар жүргізілді. Бұл шара баршаға денсаулыққа қол жеткізуді қолдау білдіру мақсатында өткізіліп отыр.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының №10 мектеп-гимназиясы мен №83 мектеп-гимназиясының оқушылары мен мұғалімдері жаттығу жасады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бастамасы бойынша ұйымдастырылған шараға спортшылар, әншілер де қатысты.
«80-90 жастағы ата-апаларың бар шығар? Мен сендерге солардың жасын берсін деп тілеймін. Жүз жасаңдар! Кім жүз жасайды? Арақ ішпейтін, темекші шекпейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар ұзақ ғұмыр кешеді. Біздің замандастарымыз актерлер ішімдік ішіп, темекі шегетін фильмдерді көріп өсті. Ол кезде бұл қалыпты жағдай еді, тіпті сәнге айналған болатын. Қазіргі уақытта спортпен шұғылдану, жаман әдеттерден аулақ болу сәнге айналып келеді. Сіздерді Дүниежүзілік денсаулық күнімен құттықтап, зор денсаулық тілеймін», - деді Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұрақты өкілі Олег Честнов.
№83 мектеп-гимназиясының оқушылары астанадағы Триатлон саябағында жаттығу жасады. Шараға билік өкілдері мен Қазақстандағы UNICEF өкілі Юрий Оксамитный, ҚР Денсаулық елшісі, Гиннес рекордтар кітабының 7 дүркін рекордсмені, әлемнің ірі шөлдерін шарлап өткен жалғыз адам Марат Жыланбаев, барлығы 1300-ге жуық адам қатысты.
Жаттығуға қатысушы, Астана қаласының тұрғыны, 73 жастағы Амегульсин Мұсылманова мұндай шаралар жиі өткізіліп тұрғаны дұрыс екенін айтты.
«Жүгірумен айналысып жүргеніме 6-7 жылдың жүзі болды. Ертең Шымкентте өтетін марафонға кетемін. Жаттығу жасап, спортпен айналысу – мықты денсаулықтың кепілі, сол себепті осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен деймін. Сонда ғана спорт жастар өмірінің бір бөлшегіне айналады», - дейді ол.