Бүгін Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады

4 Ақпан 2022, 08:16
1997
Бөлісу:
Бүгін Ақ Олимпиаданың алауы тұтанады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Ақ Олимпиада ойындарының алауы тұтанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олимпиада ойындары - спорт әлеміндегі ең ірі жарыс. Тарих беттеріне үңілсек адамзат әлем үздіктерінің басын біріктіретін Олимпиада ойындарынан өресі биік басқа спорт додасын ұйымдастырып көрген емес. Сондықтан болар Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну - әр спортшының ең үлкен арманы.

Қысқы Олимпиада ойындары тұңғыш рет 1924 жылы Францияның Шамони қаласында ұйымдастырылды. Содан бері жібін үзбей келе жатқан спорт тойының кезекті додасы, яғни XXIV Қысқы Олимпиада ойындарының алауы бүгін Қытай астанасы Бейжіңде тұтанады. Әлем тарихында қос Олимпиаданы қатар өткізген алғашқы қала атанатын шаһар дүбірлі доданы өткізуге тас-түйін дайын. Тіпті, кейбір спорт түрлерінен 2 ақпаннан бастап алғашқы іріктеу сындарын да бастап кетті.

Ақ Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2008 жылы жазғы Олимпиада ойындары өткен стадионда өтпек. Салтанатты шараға шетелдік көрермендер қатыса алмайды. Алайда, аталған шараны «аспан асты елі» көгілдір экран арқылы бүкіл әлем көре алады деп сендіруде.

Биылғы Ақ Олимпиада ойындарында 91 елден келген 4 мыңнан аса спортшы спорттың 7 түрінен 109 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олимпиада бағдарламасына биатлон, бобслей (бобслей, скелетон), керлинг, коньки спортының түрлері (коньки жарысы, мәнер¬леп сырғанау, шорт-трек), шаңғы спортының түрлері (тау-шаңғы жарысы, шаңғы қос¬сайысы, шаңғы жарысы, тұғырдан секіру, фристайл, сноуборд), шана спорты, шайбалы хоккей енді.

Бұдан өзге биылғы ақ Олимпиадаға 7 жаңа жарыс түрі қосылды. Олар – әйелдердің жекелей бобслейі, ерлер мен әйелдер арасындағы шаңғы биг-эйрі, шорт-тректегі аралас эстафета, тұғырдан секіру, фристайл және сноуборд-кросс бойынша аралас командалық жарыстары бар.

Олимпиада ойындарының жарыстары Бейжің қаласынан бөлек, оның маңындағы Яньцинь және Чжанцзякоу қаларында ұйымдастырылады.

Бейжің қаласында барлық мұз жарыстары (керлинг, хоккей, конькимен жүгіру спорты), сондай-ақ қарда төрт жарысты (ерлер мен әйелдер арасындағы сноубординг пен шаңғы фристайлындағы биг-эйр) өтеді. Яньцинь – астананың қала маңындағы ауданы, Бейжіңнен солтүстік-батысқа қарай 80 км жерде, Ұлы Қытай қабырғасының әйгілі бөліктері – Бадалин мен Джунгугуан орналасқан жерде. Онда шаңғы, бобслей, скелетон және шана спортынан медальдар ойнатылады.

Ал үшнші қала Чжанцзякоу солтүстік-батысқа қарай көршілес Хэбэй провинциясында орналасқан. Ондағы танымал қысқы курорт Чунли сноубординг, шаңғы спортының барлық түрі және биатлоннан жарыстарды қабылдайды.

Олимпиада алауы тұтанып, ашылу рәсімі өткеннен кейін барлық жарыс түрінен бәсекелер басталады.

Ақ Олимпиадада биыл еліміздің алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады. Оның бірі - шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі - конькиші Екатерина Айдова. Екі спортшымыз да құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогі кезеңдерінің барлық жүлдесі бар. 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының жүлдегері. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның Туын көтеріп шыққан болатын. Ол мұндай құрметке екінші рет ие болып отыр.

Ал Екатерина Айдова алғаш рет 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына қатысқан. Кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары өз мансабындағы төртінші Олимпиада болмақ. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогі кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

Демек, екі спортшымыз да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сеніп тапсырған туымызды жеңіс тұғырында желбіретуге мүмкіндіктері бар.

Ақ Олимпиада ойындарында ел намысын 34 спортшы қорғайды. Халықаралық шаңғы спорты түрлері федерациясының (FIS) шешімі бойынша, Қазақстан командасына шаңғымен жарысудан қосымша бір жолдама берілді. Бұл тағы бес дисциплина бойынша бақ сынауға мүмкіндік сыйлады. Сондай-ақ, фристайл-могулдан тағы бір квота бөлінді.

Шаңғы жарысы - Виталий Пухкало, Евгений Величко, Ксения Шалыгина, Валерия Тюленева, Ирина Быкова, Надежда Степашкина және Ангелина Шурыга.

Фристайл-могул - Юлия Галышева, Аяулым Амренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаков.

Шаңғы акробатикасы - Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева және Шерзод Хаширбаев.

Тау шаңғысы - Ерлер арасында Захар Кучин (слалом мен гигантты слалом) мен әйелдер арасындағы слаломда Александра Троицкая бақ сынамақ.

Шаңғымен секіру - Сергей Ткаченко мен Данил Васильев, сондай-ақ, шаңғы қоссайысынан Шыңғыс Ракпаров жарыс жолына шықпақ.

Биатлон - Галина Вишневская-Шепоренко, Александр Мухин мен Владислав Киреев, конькимен жүгіру спортынан Надежда Морозова, Екатерина Айдова, Дмитрий Морозов, Иван Аржаников пен Денис Кузин.

Шорт-трек - Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Яна Хан және Ольга Тихонова.

Осылайша, қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиадаға 87 жолдама жеңіп алды.

Енді, қазақ елі осы 34 спортшыға жанкүйер болады. Ертеңнен бастап, яғни 5 ақпанда Олимпиада ойындарының алғашқы медальдары өз иелерін таба бастайды.

Өзгелердің жаңалығы