Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. Ал, құжаттарды тіркеу наурыз айының соңына дейін жалғасады, деп хабарлады Almaty.tv.
Жоба барысында 35 жасқа дейінгі алматылықтар баспанаға ие болу үшін жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алады. Былтыр «Алматы жастары 2020» бағдарламасы аясында мыңға жуық алматылық жас баспаналы болған еді.
«Алматы жастарына» медицина, білім беру, мәдениет, спорт, жоғары оқу орны, әлеуметтік сала, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері өтінім бере алады. Сондай-ақ, биыл бұл санатқа құқық қорғау органы қызметкерлері де ілігіп отыр.
Айта кететіні, өтінім берушілерден тұрғылықты жері туралы анықтама талап етілмейді. Ал, биыл берілетін сома 13 млн теңгеден 18 млн теңгеге ұлғайтылды.