Бүгін Мәжіліс «Бала құқықтары туралы конвенцияның хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев заң жобасын таныстырды.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Бала құқықтары туралы конвенцияның» хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамаға қосылу туралы шаралар қабылдауды Үкіметке тапсырды. Осы мақсатта, 2023 жылы 7 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде ұйымдағы еліміздің Тұрақты өкілі бұл Факультативтік хаттамаға қол қойды.
Үшінші Факультативтік хаттама ратификацияланған жағдайда еліміз «Бала құқықтары туралы конвенцияның» барлық (үш) факультативті хаттамаларына толығымен қосылуды аяқтайды, ал Қазақстандық әр бала өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болады. Факультативті хаттамаға сәйкес балалар мен олардың заңды өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне ел аумағындағы барлық ішкі құқық қорғау құралдары арқылы, соның ішінде барлық деңгейдегі соттарда қаралып, шыққан шешіммен келіспеген жағдайлар бойынша ғана жүгінуге құқылы, - деп айтты Ғани Бейсембаев.
Министр атап өткендей, факультативтік хаттама аясында түскен хабарламаларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитеті құпия және жабық тәртіппен қарап, ұсынымдарын қажетті шараларды қабылдау үшін қатысушы мемлекетке жолдайды.
Бала құқықтары жөніндегі комитеттен келіп түскен сұраулар мен пайымдаулардың қаралу тәртібі Бас прокуратура, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрығымен нақты регламенттелген.
Құжат Қазақстанның бала құқықтарын қамтамасыз етуге және балаларды құқықтық қорғау деңгейін арттыруға ықпал етеді.