Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Түркістан облыстық Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен брифингте білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Садықова хабарлады.
Түркістан облысы бойынша 2018-2019 оқу жылында 11 сыныпты 24 513 оқушы бітірді. Қазіргі таңда 24 513 түлектің 16364-сі (66,8%) ҰБТ тапсыруға өтініш берген. 20 маусымда 9 аудан, қалада 332 мектептен 4 190 бітіруші тест тапсыруға өтініш берген. Қазірдің өзінде түркістандық түлектер жоғары балл алып үлгерген. Ең жоғары 137 балл жинаған Түлкібас ауданының оқушысы Сүйрік Қасым болса, 135 баллды Ордабасы ауданының оқушысы Лаура Мұратбек мен Түлкібас ауданының оқушысы Аружан Меирбек жинады. Ал, облыстың орта балы – 69,9 балды құрады.
«Тестілеуге кіргізу кезінде ҰБТ қағида талаптарының бұзылуы орын алмады. Барлық мектеп бітірушілер арнайы рамалы металіздегіштер арқылы өткізіліп, ұялы телефондары алынды. Облыста 15 ҰБТ өткізу пункті бар. 16 онлайн трансляцияға үлкен экрандар орнатылған. ҰБТ өткізу пунктеріне түлектерді тасымалдау, жатын орындарын дайындау және тамақтандыру басқарма тарапынан қамтамасыз етіліп отыр. Қазіргі таңда 100 балдан жоғары жинағандар – 766 (20,9%) оқушы. Бүгін 21 маусымда 4 ауданда өткізілуде. Оған 1914 бала қатысып жатыр», – деді Ардақ Садықова.
Сондай-ақ, брифинг спикері өңірдегі мұғалімдерді аттестациядан өткізу жұмыстарын баяндады.
«Түркістан облысы көлемінде 2019 жылғы жазғы мезгілде 13004 мұғалім тестілеуден оң қорытынды алып, аттестаттаудың екінші кезеңіне келді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында педагогтарды аттесттауының екінші кезеңін автоматтандыру бойынша пилоттық жоба басталды. Пилоттық жобаны іске асыру мақсатында jumys.sitcen.kz порталында арнайы аттестация бөлігі ашылды», – деді ол.
Порталмен жұмыс жүргізу ережесі облыс педагог қызметкерлеріне таныстырылуда. Бұл жұмыстардың қорытынды нәтижесі жоғары болады деп күтілуде.