Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияда табиғаттың тосын мінезі тұрғындарды тығырыққа тіреді. Бірнеше адамның өмірін қиған Юнис дауылынан соң тағы бір қатты жел жақындап қалды деген болжам бар. Жергілікті метеорология қызметі британдықтарды аса сақ болуға шақырып жатыр, деп жазды Хабар24.
Франклин Ұлыбританияда бір аптаның ішінде тіркелген үшінші дауыл болғалы тұр. Бұған дейін жұма күні Юнис, ал сәрсенбіде Дадли дауылы елді елеңдеткені белгілі. Франклин әкелетін қатты желдер электр желілерінің үзілуіне, көлік қатынасының тоқтауына және ғимараттардың қирауына себепші болуы мүмкін, деп хабарлады Британ метеорологиялық қызметі. Қоршаған ортаны қорғау агенттігі су тасқыны қаупі жайлы жүздеген ескерту жариялады. Энергетикалық желілер қауымдастығының мәліметінше, 77 мың үй әлі де жарықсыз отыр.
Жел өте қатты болған жағдайда бағандардағы электр өткізгіштері бір-біріне тиіп, жарық өшіп қалуы мүмкін. Ең жиі болатын жағдай ағаштардың электр желісіне құлауы, - деді Ұлыбритания энергетикалық желілері компаниясының өкілі Барри Хаттон.
Нөсер жауыннан әсіресе Ұлыбританияның солтүстік-батысы зардап шегуі мүмкін. Бүгінде Манчестер қаласының оңтүстігіндегі 430 үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Тілсіз жау Біріккен Корольдік құрамына кіретін Уэльс және Шотландия елдерін де сырт айналып өтпеуі мүмкін екен. Биліктегілер бүгінде көлік қатынасын қалпына келтіре алмай әлек.
Юнис дауылынан кейін темір жолдар мен әуежайлардың жұмыс кестесінде іркіліс пайда болды. Халық діттеген жеріне уақытында жете алмай қиналып жатыр. Сондықтан сапарға аттанарда ақпаратқа алдын ала қанық болып, шыққан жөн, - деді Ұлыбритания көлік министрі Грант Шаппс.
Соңғы онжылдықтарда болмаған Юнис дүлей дауылы кезінде ағаштар көліктердің үстіне құлап, ішінде отырған жолаушыларды мерт қылды. Ұлыбритания бойынша осындай үш жағдай тіркелген. Лондондағы көпшілік шаралар өтетін О2 арена стадионының шатыры ұшып, концерттер кейінге қалдырылды. Метеорологтар бір аптаның ішінде үш дауылдың тіркелуі өте сирек жағдай деп отыр.