Британ барлау қызметі Ресейдің Украинаға қарсы соғыстағы адам шығыны туралы жаңа есеп жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 20 наурызда X әлеуметтік желісінде жариялаған есепке сәйкес, соғыс басталғалы Ресейдің 200-250 мың әскери қызметкері қаза тапқан, ал жалпы қаза болғандар мен жараланғандар саны 900 мыңға жеткен.
Тәуелсіз зерттеуші-журналистер 98 мың ресейлік сарбаздың жеке басын анықтай алды. Есепте бұл шығындар Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Ресей үшін ең ауқымды екені атап өтілген.
Лондон Ресей билігінің соғысқа деген элита мен халықтың қолдауы әлсірегенге дейін ауыр адам шығындарына дайын екенін болжайды. Сондай-ақ есепте мобилизация ауыртпалығы негізінен экономикалық жағдайы әлсіз аймақтардағы ұлттық азшылықтарға түскені айтылған. Ал Мәскеу мен Санкт-Петербург сияқты ірі қалалардан әскерге алынғандардың шығындары айтарлықтай төмен.
Бұл деректер Мәскеудің ресми мәлімдемелерімен айтарлықтай қайшы келеді. Ресей билігі нақты шығындарды әдейі төмендетіп көрсетіп, қаза тапқандар санына қатысты кез келген тәуелсіз зерттеулерді қатаң басып-жаншып келеді.