Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонару ел астанасы Бразилиадағы өз вилласында қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Федералдық полицияның қысқаша хабарламасында соттың сұрауы бойынша алдын ала тұтқындау туралы ордер берілгені расталды.
Бразилиялық БАҚ-тың хабарлауынша, саясаткерді президенттік сарайдан шамамен жеті миль қашықтықта орналасқан федералдық полиция базасына жеткізген. Болсонару бұл сарайда 2019–2022 жылдар аралығында тұрған. 2022 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін ол әскери төңкеріс жасауға талпынғаны айтылады, деп жазады The Guardian 2025 жылғы 22 қарашада.
Соттың не себепті 70 жастағы бұрынғы президентті алдын ала ұстауға шешім қабылдағаны әзірге белгісіз. Жергілікті БАҚ мұны"қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында" жасалған болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Болсонарудың адвокаттарының бірі Селсо Виларди AFP агенттігіне ақпаратты растады.
Оны түрмеге қамады, бірақ не үшін екенін мен білмеймін, – деді ол.
Айта кетейік, қыркүйек айында Болсонару 2022 жылғы сайлауда жеңіске жеткен Луис Инасиу Лула да Силваның қызметке келуіне кедергі келтіру мақсатында төңкеріс ұйымдастырғаны үшін 27 жыл 3 ай түрме жазасына кесілген болатын. Алайда бұл үкім әлі күшіне енбеген – сотта бірқатар істер мен апелляциялар қаралып жатыр. Демек, оның сенбі күнгі тұтқындалуы осы үкіммен тікелей байланысты емес.
Соңғы күндері Болсонарудың қамауға алынуы мүмкін деген әңгіме Бразилияда шарықтау шегіне жеткен. Оның жақтастары экс-президентті Бразилиадағы қатаң режимдегі Папуда түрмесіне жіберу ықтималдығына ашық наразылық білдірген.