Бразилияның Амазония өңірінде туристер мінген лық толы кеме суға батып, салдарынан екі адам қаза тапты, тағы жеті адам хабар-ошарсыз кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Daily Mail мәліметінше, оқиға 13 ақпанда болған. Суға кеткен жолаушылардың барлығы дерлік құтқару кеудешелерін киген. Жақын маңдағы қайықтар жедел көмекке келіп, кейін құтқарушылар 71 адамды судан алып шықты.
Амазонас штатының денсаулық сақтау департаменті үш жасар қыздың және 22 жастағы әйелдің көз жұмғанын растады.
Оқиға орнында 25 өрт сөндіруші, үш қайық, сегіз арнайы техника, полиция катері мен жедел жәрдем қызметі жұмыс істеді. Бразилия әскери-теңіз күштері іздестіру-құтқару операциясына тікұшақ пен арнайы топ жіберді.
Суға батқан кемеге иелік ететін Lima de Abreu Navegações компаниясы оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Кеме капитаны абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен ұсталып, кейін кепілмен босатылған.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.