Бразилияда антипрезиденттік шеру өтті

8 Маусым 2020, 15:21
1438
Бөлісу:
Бразилияда антипрезиденттік шеру өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бразилияда жексенбі, 7 маусымда ел Президенті Жаир Болсонаруға қарсы жаппай наразылық пен оны қолдау акциясы өтті.

Мемлекет астанасы Бразилиа қаласында жүздеген адам "нәсілшілдік пен фашизмге қарсы" және "Терроризм - бұл үкіметтің жою саясаты" деп жазылған плакаттармен көшеге шықты, деп хабарлайды AFP агенттігі.

Бұл акция Бразилияда коронавирус пандемиясы кезінде Жаир Болсонаруға қарсы бірінші шеру болды. Сонымен қатар, Бразилиа қаласына COVID-19 пандемиясы салдарынан қойылған шектеулерді алып тастауды талап еткен президент жақтаушыларынан тұратын белсенділер жиналды. Болсонардың өзі бұған дейін елорданың үкімет кварталындағы демалыс күндері үнемі өтетін өз жақтастарының акцияларына бірнеше рет қатысқан.

AFP агенттігінің жазуынша, елдің Сан-Паулу қаласында Болсонаруға қолдау көрсету үшін 50-ге жуық адам келген. Сондай-ақ, акция өтетін жерден шамамен он шақырым қашықтықта мыңдаған бразилиялық мемлекет басшысына қарсы наразылық танытты. Агенттік "Болсонаруға қарсы: оған қара, гомосексуалдар, әйелдер қажет емес. Ол бай адамдар туралы ғана ойлайды", деген наразылыққа қатысушылардың бірінің сөзін мысалға келтіреді.

Жаир Болсонару коронавирустың қаупін ұзаққа дейін мойындамай келген еді. Ол COVID-19 індетін "жеңіл тұмау" деп те атады. Сонымен қатар, ол Бразилияның түрлі штатында пандемия аясында енгізілген шектеулерді бірнеше рет сынға алды. Себебі, шектеулер әсерінен ел экономикасы шатқаяқтаған.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметтері бойынша, 8 маусым күні таңертең Бразилияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны пандемия басталғаннан бері 685 427 адамға жетті. Вирус жұқтырғандардың саны бойынша бұл ел әлемде екінші орында тұрса, ал COVID-19 құрбандарының саны бойынша АҚШ пен Ұлыбританиядан кейін үшінші орында тұр. Бұл аурудың салдарынан Бразилияда 37 312 науқас қайтыс болды.
Өзгелердің жаңалығы