Бразилияның байырғы халықтар министрі Соня Гуажажара Еуропалық Одақты тропикалық ормандарды қорғауға бағытталған жаңа халықаралық қорды қолдауға шақырды. Бұл туралы ол Euronews-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Министрдің айтуынша, жаңа қордың мақсаты – тропикалық ормандарда өмір сүретін жергілікті қауымдастықтарды қолдау және экожүйені сақтауға ынталандыру.
Еуропалық Одақтың осы бастамаға қосылып, қаржыландыру арқылы басқа елдерді де тартуы маңызды. Бұл бүкіл әлемдегі тропикалық ормандарды қорғауға серпін береді, — деді Гуажажара.
Қор идеясы алғаш рет 2023 жылы ұсынылып, кейін Колумбияда өткен биоалуантүрлілік жөніндегі конференцияда дамыды. Қор Дүниежүзілік банк қамқорлығымен жұмыс істейді және 2030 жылға қарай қаржылық төлемдерді бастау жоспарланып отыр.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва қорға алғашқы 1 млрд доллар бөлуге дайын екенін мәлімдеді. Ал жалпы қордың бастапқы капиталы 10 млрд долларға бағалануда.
Жобаға 70-тен астам дамушы ел қатыса алады. Олар тропикалық ормандарды сақтау деңгейіне қарай қаржылай қолдау алып отырады. Егер орман жойылса немесе экожүйе нашарласа, мемлекеттер алған қаражатты қайтаруға міндеттеледі.