Браконьерлікпен күрес: Президенттің тапсырмасы қалай орындалып жатыр

23 Тамыз 2019, 18:18
4622
Бөлісу:
Браконьерлікпен күрес: Президенттің тапсырмасы қалай орындалып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет» деп жуырда тапсырма берген еді.

Президенттің Twitter-дегі жазбасы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін жария болды. Еске салсақ, 23 шілде күні Ақмола облысында браконьерлер киіктерді қорғамақ болған «Охотзоопром» инспекторларына шабуыл жасап, бір қорықшы қаза тауып, екіншісі жарақаттанған болатын. 43 жастағы марқұм Қаныш Нұртазиновтың артында әйелі мен төрт баласы қалды.

Мемлекет басшысы шабуылдан көз жұмған инспектордың туыстарына көңіл айтып, марқұмның отбасына көмек көрсетуді тапсырған еді. Одан кейін Тоқаев қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Қаныш Нұртазиновты І дәрежелі «Айбын» орденімен және Самат Оспановты ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады.

Сонымен қатар, биылғы қаңтарда Қарағанды облысында тағы бір инспектор - Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің қолынан қаза тапқан болатын.

Қазақстан президентінің инспекторлар мен браконьерлерге қатысты тапсырмасы қалай орындалып жатыр? Бүгін осы сұраққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

Вице-министр өз сөзінде браконьерлікке қатысты соңғы мәліметтерімен бөлісті.

«Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің аумақтық инспекциялары 2019 жылдың басынан бері 3969 кешенді рейд жасап, 403 тексеру өткізді. Нәтижесінде табиғатты қорғау саласында 4673 заң бұзушылық анықталды. Олар аң аулау, орман, балық шаруашылығы саласында орын алды. 3698 адам әкімшілік жауапқа, 34 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса, 57 миллион 165 мың теңге сомасында айыппұл салынып, оның 49 миллион 62 мың теңгесі өндірілді», - деді Нысанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Браконьерлікпен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар» атты брифингте.

Оның айтуынша, қазіргі кезде киіктерді қорғау аса маңызды мәселеге айналған. Нысанбаев «киік – Қазақстанның бренді» дейді. Себебі киіктердің әлемдік популяциясының 90 пайызы елімізде мекендейді.

«Сондықтан біз үшін бұл жануарларды болашақ ұрпаққа сақтап қалу – абыройлы іс. Бүгінгі күні олардың саны 334 мың басты құрайды. Естеріңізде болса, біз 2015 жылы 150 мың бас киіктен айырылып қалған едік. Егер де сол кездегі індет болмаса бізде қазір жарты миллион киік болушы еді. Өкінішке қарай, 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін браконьерлер 719 киікті атып, көзін құртқан. Жалпы, браконьерлерден 501 жануардың мүйізі тәркіленген», - деді Ерлан Нысанбаев.

Экология вице-министрі жануарлар әлемін қорғау кезінде инспекторлар қаза болып жатқанын айтты. Ол биылғы қаңтарда және шілдеде екі қорықшының браконьерлер қолынан көз жұмғанын еске салды.

«Инспектордың қазасынан кейін биылғы қаңтарда біз прокуратура және басқа мүдделі мемлекеттік органдармен кеңескен едік. Бас прокуратура мен парламент мәжілісінде дөңгелек үстел өтті. Жиындардың қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді. Тапсырмалар заңнамалық шараларды күшейту, қажетті жедел-алдын алу шараларын әзірлеуге қатысты болды. Биыл «Киік» атты табиғатты қорғау шарасы өтті. Ол «Охотзоопром» күшімен ІІМ, ҰҚК, Бас прокуратура сияқты мүдделі мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен бірге тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, «Киік» шарасы аясында браконьерлікпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және алдын кесу шаралары қарастырылған.

«Қазір Парламент Сенатының қарауында жатқан «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері туралы» заң жобасы аясында депутаттар браконьерлердің мүлкін міндетті түрде тәркілеу бойынша өзгерістер енгізуге бастама көтерді. Оның ішіне браконьерлік мақсатта қолданылған автокөлік құралдары да кіреді. Бұнымен бірге, мемлекеттік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейту бойынша нормалар қарастырылған. Яғни, инспекторлардың ұстау, тексеру, тәртіп бұзушыларды жеткізу мен қызметтік қаруды қолдану бөлігіндегі өкілеттіктері кеңейтіледі. Біз табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін бас бостандығынан айыру мерзімін 7 жылға дейін ұлғайтуды да қарастырдық. Бас прокуратура да браконьерлермен күресті күшейту бойынша тиісті заң әзірлеп жатыр. Ішкі істер министрлігі болса, инспекторлардың қызметтік көліктерін арнайы көлік құралы санатына енгізбек. Олар дауыс зорайтқыш құрал, арнайы сигнал және белгілермен жабдықталмақ», - деді Нысанбаев. 

Экология вице-министрінің мәліметінше, браконьерлік факт туралы хабарлаған адамдарға ақшалай сыйақы да төленеді. Сондай-ақ, табиғат қорғаумен айналысатын қызметтердің материалдық-техникалық жағдайын жақсарту мақсатында жаңа жабдықтау нормативтері әзірленді. Бұның аясында браконьерлікпен күресу үшін заманауи технологияларды енгізу қарастырылған. Олар – дрон, кеудеге тағылатын камера, арнайы техника, электрошокер, травматикалық қару мен басқа да жеке қорғану құралдары. Қазір аталған нормативтер Қаржы министрлігінің қарауында.

«Инспекторлардың арнайы құралдар мен қызметтік қаруды пайдалану ережелеріне де өзгерістер енгізілуде. Яғни, оларды пайдаланатын жағдайлар кеңейтілмек. Қазір біз Ішкі істер министрлігімен бірге инспекторларды өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үйрету мәселесі бойынша жұмыс жүргізудеміз. Бүгінгі күні біздің өтінішіміз бойынша ІІМ-нің оқыту бағдарламасы әзірленуде. Біз алдағы уақытта үйрете бастаймыз. «Охотзоопром» жанынан тренинг кабинетін ашуды да жоспарлап отырмыз. Ол жерде де біздің инспекторлар үшін арнайы оқыту бағдарламалары әзірленеді. Осылайша, инспекторлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», - деді Ерлан Нысанбаев.

Қорыта келсек, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, тиісті заңдарға браконьерлікпен күресті күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізіледі. Күзде парламент қабырғасында «АӨК туралы» заң жобасы, қылмыстық және қылмыстық-процестік кодекс аясында да заңнамаға өзгерістер қарастырылады. Аталған заң жобалары аясында браконьерлікпен айналысқан шетелдіктерді елден шығарып жіберу, қазіргі айыппұлдар мен бостандықтан айыру мерзімін екі есе ұлғайту, браконьерлерді шартты және шектеулі түрде бас бостандығынан айыру мүмкіндігін жою, инспекторлардың денсаулығына ауыр зиян келтіргені және өміріне қауіп төндіргені үшін қатаң жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін нормалар пайда болады.


Өзгелердің жаңалығы