Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданы аумағына ұшқышсыз ұшу аппараты құлаған. Бұл ақпаратты BAQ.KZ тілшісіне БҚО Полиция департаменті растады.
Әлеуметтік желіде таралған фото-бейнежазба мен қысқаша хабарламада 18 наурыз күні 17:35-те Тасқала ауданы Қазақстан ауылдық округі тұрғындары далада ұшқышсыз ұшу аппараты жатқаны жөнінде хабар бергені айтылады. Беймәлім зат Атамекен ауылынан шамамен 18 шақырым жерде құлаған көрінеді.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Тасқала ауданынан сыртқы көрінісі ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсайтын қондырғы табылуына байланысты өзге де уәкілетті органдармен бірге тексеру іс-шараларын жүргізуді бастады. Беймәлім нысан елді мекендерден жыраққа түскен, бүлінбей тұтас күйде сақталған. Болған оқиғаның барлық жай-жапсары анықталуда, - делінген полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Еске сала кетсек, осыдан дәл бір ай бұрын, яғни 18 ақпан күні Батыс Қазақстан облысының Бөкей Ордасы ауданы аумағында осындай оқыс оқиға тіркелген болатын.
Ол кезде Ұялы ауылынан 8 шақырым жерге түскен ұшу аппаратын жергілікті тұрғындар тауып алып, тиісті орындарға хабар берген еді.