Батыс Қазақстан облысында өрт салдарынан 5 баласынан айырылған отбасыға баспана берілетін болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, өрт болған кезде 2019, 2020, 2021, 2022 және 2023 жылдары туған 5 бала үйде үлкендердің қарауынсыз қалған.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, отбасы жеке үйді жалдап тұрған. Қайғылы оқиға болған сәтте балалардың ата-анасы жұмыста болған. Әкесі жергілікті мәдениет үйінде шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істесе, анасы ауыл дүкенінде еңбек еткен.
Оқиғадан кейін облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қаза тапқан балалардың отбасына тиісті көмек көрсетілетінін айтты.
Сырым ауданында қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Менің тапсырмам бойынша оқиға орнына орынбасарым барды, аудан әкімі оқиға орнында, барлық қажетті қызметтердің жұмысын үйлестіріп жатыр. Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары. Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеуде. Жағдай менің жіті бақылауымда, - дейді облыс әкімі.
Еске салайық, осыған дейін БҚО-да бес бала газдан уланып көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.