Көшеде кездейсоқ кетіп бара жатқан тұрғынның басына кірпіш түсіп қаза тапқан кешегі қайғылы оқиғадан кейін Орал қаласындағы барлық салынып жатқан құрылыс нысандары жан-жақты тексерілетін болды. Бұл туралы бүгін BAQ.KZ тілшісіне БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 29 қаңтар күні, күндізгі 15-00 шамасында Әлия Молдағұлова көшесінде тротуармен бара жатқан азаматтың басына силикат кірпіштер құлап, 68 жастағы Біләл Тұрғалиев сол жерде қаза тапқан еді. Құрылысы жүріп жатқан 9 қабатты үй «Строй Техно Групп» ЖШС-не тиесілі екен.
Осы оқиғаға байланысты БҚО Полиция Департаментімен ҚР Қылмыстық Кодекстің 277-бабы, 2-бөлігі, яғни Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзудің қауiпсiздiк қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекет дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Барлық мән-жайды анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалып, арнайы мамандар шақырылды. Және осындай оқиғалардың қайталануын болдырмау үшін Орал қалалық прокуратурасы уәкілетті орган – БҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына барлық салынып жатқан нысандарды мониторинг жасауды тапсырды, - дейді облыстық прокуратураның ресми өкілі Динара Нұрсұлтанова.
Аталған бап бойынша кінәлі тұлғаны 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал таза ауада сейілдеп қайтамын деп, қапияда көз жұмған Тұрғалиев Біләлді туыстары ертең жер қойнына тапсырмақ.
Тайыр Жәнібек