БҚО-да пара алмақ болған мемкірістер департаментінің қызметкері 11 жылға сотталды

15 Қыркүйек 2022, 22:55
714
Бөлісу:
БҚО-да пара алмақ болған мемкірістер департаментінің қызметкері 11 жылға сотталды

БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бұрынғы бас маманы Рауан Жексенғалиевке қатысты үкім шықты. Бұл туралы BAQ.KZ  аталған соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сүйеніп хабарлайды.

Аталған соттың баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Р.Жексенғалиев ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігіне сәйкес (аса ірі көлемде пара алуға оқталу) айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.

Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте, жергілікті басқару және басқа органдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

Сот талқысында белгілі болғанындай, Р.Жексенғалиев БҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы қызметін атқара жүріп, биылғы 20 мамырда жоспардан тыс салықтық тексеру нәтижесінде бюджетке салық төлеуден жалтару дерегі бойынша материалды департаментке жібермеу үшін «Торговый дом «UNEX (ЮНЕКС)» ЖШС директоры К.Жаманғариннен аса ірі көлемде – 40 млн теңге пара алған. Ол қылмыстық іс-әрекетін өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша аяғына дейін жеткізе алмаған.

Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, 4 млн теңгені алдау жолымен алмақ болғанын түсіндірді. Соған қарамастан, Р.Жексенғалиевтің айыбы толықтай дәлелін тапты.

Өзгелердің жаңалығы