БҚО-да күн және жел стансалары салынбақ

Кеше, 20:20
167
Бөлісу:
БҚО-да күн және жел стансалары салынбақ
Фото: Мақсат Рысбеков - архив

Батыс Қазақстан облысында биыл 1 жел, 1 күн және 1 гибридті электр стансасының құрылысы басталмақ. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй мәлім етті. 

Қуаты 50 МВт жел стансасы Орал қаласының оңтүстік-батысында Атыраудан кіре беріс жолдың бойына салынады деп жоспарланып отыр. Қазір осы мақсатқа 200 гектар жер телімі бөлінген. 

Ал 30 МВт-тық күн стансасын Теректі ауданы Пойма ауылына салу жоспарда. Күн көзінен әрі газопоршеньді қондырғыдан қуат алатын 10 МВт-тық үшінші гибридті станса Жәнібек ауданының Өнеге ауылына тұрғызылады. 

Шалғайдағы Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандары облыстың энергожүйесінен оқшау жатыр. Қуат көзін көрші Ресейден алады. Мақсат – аталған аудандарды кісіге кіріптарлықтан құтқарып, энерготәуелсіздікке қол жеткізу, - деді басқарма басшысы. 

БҚО-да бүгінде 5 электр стансасы бар. Жалпы қуаттылығы 480 МВт-ты құрайды. Былтыр өңір халқы 2 млрд киловатт-сағат электр қуатын пайдаланған. Осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда тұтынған көлем 40%-ға артқан. Сол себепті де электр энергиясы өндірісін арттыру өзекті мәселе болып отыр. 

Жаңа күн және жел электр стансаларының құрылысы бойынша Энергетика министрлігі екінші тоқсанда аукцион болады. Әлеуетті инвесторлар анықталған соң құрылыс жұмыстары басталады. Одан бөлек біз алдағы 10 жылдық жоспарға сай облыс орталығындағы "Жайықжылуқуат" АҚ-ның газотурбиналарын жаңғыртамыз. Бәйтерек ауданы Белес ауылындағы 100 МВт газо-турбиналық электр стансасының қуатын 200 МВт жеткізбекшіміз. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өңірде артық қуат көзі болып жатса, оны көрші Атырау облысына шығаруға мүмкіндік бар, - дейді Мирас Мүлкәй. 

Тайыр Жәнібек

Өзгелердің жаңалығы