БҚО-да көпірді су шайып кетті

Бүгiн, 16:02
590
Бөлісу:
БҚО-да көпірді су шайып кетті
Фото: видеодан кадр

Оқыс оқиға Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы Аралтөбе ауылы маңында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақсай-Жымпиты жолы күрделі жөндеуден өтуіне байланысты былтыр Шідерті өзенінің үстіне уақытша көпір салынған еді. Күн күрт жылынып, қар қауырт еруі себепті кеше өзен тасып, өткелдің плиталарын құлатып кеткен. «Қазгидромет» РМК БҚОФ мәліметі бойынша Шідерті өзеніндегі су деңгейі бір тәулікте 232 сантиметрге көтерілген. Енді Аралтөбе, Талдыбұлақ, Тасқұдық ауылының тұрғындары аудан орталығы Жымпитыға қатынай алмайды. Оралға Ақсай арқылы жүре алады. Ал уақытша көпір таяу күндері қалпына келтірілмек.

Аталған жолмен көлік қозғалысы әзірше тоқтатылды. Жолды жөндеп жатқан мердігер компания бүгін қажетті материалдарды жеткізуді бастады. Өзен деңгейі түсіп, ағыс бәсеңдеген бойда қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі. Екі-үш күннен қалмай жолды ашамыз, - дейді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Ақсай қаласынан Самара-Шымкент халықаралық тас жолының бойында орналасқан Жымпиты ауылына дейінгі аралық 121 шақырым. БҚО жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшылығының мәліметінше осы екі ортадағы жол жөндеу жұмыстары 2017 басталыпты. Ақсайдан 30, Жымпитыдан бастап 20 шақырым жолға асфальт төселген. Ал 2019 жылы қалған 71 шақырымға жоба-сметалық құжаттар әзірленген. Құрылыс құны 27 млрд теңге. Жол жөндеу жұмыстарын 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. 

Өзгелердің жаңалығы