БҚО-да 4 мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр

Бүгiн, 13:34
185
Бөлісу:
БҚО-да 4 мыңға жуық тұрғын жарықсыз отыр
Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында ақтүтек боранның салдарынан екі бірдей халықаралық трассада қозғалыс тоқтатылды. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның БҚО филиалынан хабарлады.

21 ақпан күні кешкі 19:00-ден бастап Самара-Шымкент жолының Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығында жол жабылды. Ал бүгін, яғни 22 ақпан күні 12:00-ден бастап ауа райының күрт бұзылуына байланысты Орал-Тасқала-РФ шекарасы бағытында жүк көліктері мен қоғамдық көлікке шектеу қойылды, - дейді филиал директоры Асылбек Мардан. 

Ал Бәйтерек ауданында төтенше жағдай қызметінің мамандары қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды. Орал-Тасқала жолынан Усихин ауылына бұрылған жеңіл көліктің қарға батып, далада қалғаны жайлы қоңырау құтқарушыларға түнгі 04:25-те түскен. Оқиға орнына жедел жеткен мамандар автокөлікті жолдың тазартылған бөлігіне дейін сүйреп шығарған. Құтқарылған 2 азамат медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

Сондай-ақ бүгін Бәйтерек ауданы Байқоныс ауылының тұрғындары электр қуатынсыз қалды. Орал қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан 3600-дей тұрғыны бар елді мекенде жарық таңғы 5-те өшкен. «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясының» мәліметінше аталған ауыл қуат көзін көршілес Дариян ауылынан алады.

Қатты желдің кесірінен кернеуі 10 кВ электр желісі тұйықталды. Таңнан бері компанияның мамандары оқиға орнында апатты-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Кешікпей апат зардабын жойып, ауылға жарық береміз, - дейді компанияның бас инженері Асқар Ғайсин.

Тайыр ЖӘНІБЕК

Өзгелердің жаңалығы