Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі
Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы - 617 мың га құрады.
Дәнді дақылдар - 306 мың га, майлы дақылдар - 112 мың га, мал азықтық дақылдар - 189 мың га, картоп, көкөніс-бақша дақылдары - 10 мың га.
Бүгінгі таңда егін ору науқаны толықтай аяқталып, облыс бойынша 302 мың тонна астық жиналды (10,1 ц/га). Майлы дақылдардан 78 мың тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды. Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс жасап тұр. Облыстың маусым аралық кезеңде картоп-көкөніс өнімдерін сақтау қажеттілігі 70 мың тоннаны құрап отыр. Ағымдағы жылы 91 мың тонна картоп-көкөніс өнімдері жиналып, бүгінгі таңда сыйымдылығы 52 мың тонна болатын 32 картоп-көкөніс қоймаларында сақталуда, - деді өңір басшысы.
Облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып қажеттілік толық жабылатын болады.
2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салуды жоспарлап, қажеттілік 128%-ға дейін жеткізетін боламыз.