Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Бозжыра» шатқалы, «Тұзбайыр» тұзды көлі, «Кызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне, «Тасорпа» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалдар аумағына кірмес бұрын 291 теңге көлемінде ақша төлеу қажет.
Бұл туралы «Кызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің туризм жөнінде инженері Наурыз Әнесов айтты, деп хабарлады lada.kz.Бұған дейін «Бозжыра» шатқалы аумағына ақылы кіру туралы блогер Азамат Сәрсенбаев мәлім еткен еді.
«Бозжырадан» 18 шақырым жерде қорықшылардың үйшігі тұр. Мемлекетке тиесілі «УАЗ Патриот» көлігін мінген екі жас жігіт шатқалға келген әр көлікті қарсы алып, «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалдар аумағына кіру үшін мемлекетке 291 теңге төлеуді талап етіп жүр. Оны қолма-қол төлеуге болмайды, ал телефон арқылы төлеу мүмкін емес. Себебі интернет ұстамайды. Оларға кейін үйге барғаннан соң банк қосымшасы арқылы төлеймін деп сөзімді бердім, - деді Сәрсенбаев.
Ал Наурыз Әнесовтің сөзінше, облыс мәслихатының бұйрығына сәйкес, 1 наурыздан бастап қаумал аумағына кіруге ақы алына бастады.
«Бозжыра» шатқалы, «Тұзбайыр» тұзды көлік, «Кызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне, «Тасорпа» мемлекеттік табиғи (зоологиялық) қаумалдар аумағына және тағы басқа туристік бағыттарға кіру үшін 291 теңге төлеу керек. Бұл айлық есептік көрсеткіштің 10 пайызы. Оны кез келген банк қосымшасы арқылы төлеуге болады. Әзірге келушілердің басым бөлігі бұдан хабарсыз. Бірақ біз оларды ескертіп жатырмыз, - деді Әнесов.
Наурыз Әнесов туристік аймақтарға кіру ақысын алдын ала төлеу қажет дейді.
Сосын келушілер төленген түбіртектің скриншотын немесе басып шығарылған түрін 8 (775) 659-89-59 нөміріне WhatsApp арқылы жіберуі тиіс. Бұдан кейін мен оны тиісті аумақтың қорықшысына жіберемін. Олар да осы түбіртектерді тексеретін болады, - деді ол.