Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бозоқ қорық-музейінде "Қымызмұрындық" этнофестивалі өтті

28 Маусым 2025, 07:45
593
Бөлісу:
 Мәдениет және ақпарат министрлігі
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

"Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі – "Қымызмұрындық" мерекесіне арналған республикалық этнофестиваль ұйымдастырылды. Іс-шара "Бозоқ – Өңірлерде" акциясы аясында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Фестивальге Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдары, этнографтары мен өнер қайраткерлері қатысты. Бағдарлама аясында қымыз ашыту рәсімі, этнографиялық қойылымдар, ұлттық тағамдардан дәм тату, қолөнер бұйымдары көрмесі мен шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетулері ұйымдастырылды.

Айта кетейік, "Қымызмұрындық" дәстүрі 2018 жылы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Бұл — қазақ халқының табиғатпен үйлесімді өмір сүру салты мен рухани дүниетанымының бірегей үлгісі.

Фестивальдің мақсаты – Бозоқ Ұлттық археологиялық паркінің құрылуы туралы тарихи-мәдени жобаны кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия далалық өркениеттерінің материалдық емес мұрасын сақтау мен жаңғырту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу – жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен рухани сабақтастықты нығайтудың маңызды құралы.

Айта кету керек, 2021-2023 жылдары "Бозоқ" музей-қорығы дала этнографиясы бойынша ауқымды экспедициялар ұйымдастырып, нәтижесінде «Еуразия даласының қымыз мерекесі: лейтмотив, жады және сәйкестік» атты ғылыми жинақ жарық көрді. Сонымен бірге, "Қымызмұрындық" мерекесі ресми түрде бекітілген.

Өзгелердің жаңалығы