21 қазан күні елорданың сол жағалауында Үркер тұрғын алабының солтүстігіне қарай орналасқан "Бозоқ қалашығы" орнында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" "Бозоқ" Ұлттық парк құрылысының басталуын бейнелейтін естелік тарихи капсуласын қалау салтанатты ресми рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, археолог Зейнолла Самашев, ғалым, археолог Марал Хабдулина, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл, профессор, академик Ерлан Батташұлы сөз сөйледі.
Аталмыш іс-шараға ҚР Үкіметінің өкілдері, ғалымдар, жоғарғы оқу орындары оқытушылары, студент жастар, мектеп оқушылары, Қосшы қаласындағы "Дара" Бизнес-академия мектеп-лицейі оқушылары, AT-TRAVEL.KZ салт аттылар клубының мүшелері, Целиноград ауданы әкімінің орынбасары А.К.Айткужинова, Целиноград ауданы мәдениет және спорт, тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Ү.Сүйінжанова, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шарада Целиноград ауданы мәдениет үйі дәстүрлі әншілері ән шырқады.
Жобаның мақсаты – көне Бозоқ қалашығын қайта құру және археология ескерткіштерінің түпнұсқалығын сақтай отырып, ботай, сақтар, ғұндар, түркілердің тарихи кешендерін қалпына келтіру болып табылады, – деді "Бозоқ" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорық директоры Сәуле Бөкейханқызы Бөрібаева.
Шараға қатысқан Қосшы қаласы "Дара" Бизнес-академия мектеп-лицейінің 9-сынып оқушылары "Бозоқ" қалашығының орнында болғандарына қуанышты екендіктерін жеткізе келе, болашақта мәдени орынға айналатын тарихи мекеннің орны жастар үшін ерекше екендігін жеткізді.
Ауқымды нысан – ашық аспан астындағы ұлттық парктің құрылысы кезінде тарихи капсуласын салтанатты түрде қалау Астана тарихында маңызды іс-шара болып табылады.
Бозоқ қалашығы жайлы қысқаша тоқталып өтсек, танымал археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде хронологиялық тұрғыдан – ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық қыпшақ мұрасы, Алтын Орда кезеңінің қорымы анықталған болатын. Ғалымдар қаланың гүлденуі Х-ХІІ ғасырларға келетінін анықтады.
Бұл олжаның құндылығы – орта және одан ерте көне ғасырларда дала өлкесі өз қалалары мен қоныстары болған көшпелі мәдениеттің нағыз қайнары және ошағы. Бозоқ ескерткіші хронологиялық тұрғыдан түрлі нысандар кешенінен тұрады: ежелгі түрік ғибадатханасы, ортағасырлық қалашық, Алтын Орда кезеңінің қорымы, стационарлық тұрғын үйлер, өндіріс орындары, қазақтардың қыстауы және суару жүйесі т.б.
Сонымен қатар қалашық материалдары төрт ортағасырлық мемлекеттік құрылымның тарихын көрсетеді: Түрік қағанаты, Қыпшақ хандығы, Алтын Орда және Қазақ хандығы. Яғни қалашық VII-IX ғасырлардан XVI-XVII ғасырларға дейін ежелгі түркілердің киелі орны, одан кейін керуен саудасын бақылайтын қыпшақтардың қонысы болды деген болжам бар. Қыпшақ дәуірінде бұл жерде егіншілік ісі өркендегені байқалады. Оған стационарлық, өндірістік және ирригациялық құрылыстардың қалдықтары, тұрмыстық заттар, қару-жарақ, әшекейлер, монеталар тағы басқалары дәлел.
Ал XIV ғасырда қалашық Нұра-Есіл аймағының исламданған элитасының рухани орталығына айналып, діни-мемориалдық кешен қалыптасыпты. XVIII-XIX ғасырларда мұнда қазақтың шаруашылық нысандары (қыстаулар) орналасқан көрінеді. Есіл өзенінің аңғары Бұзықты көлінің шығыс жағалауында орын тепкен қалашықтың негізі құрылымы – 65х55 метр аумақты қамтыған, жалпы көрінісі үш жапырақты гүл тәріздес үш бөліктен (алаң-квартал) тұрады. Бекініс тереңдігі 2-3, ені 3-5 метр болатын ормен қоршалып, сыртқы жағынан шикі кірпішпен қамал қабырға тұрғызылған. Бұл қамал қабырға табанының қалыңдағы шамамен – 8, үстіңгі жағының ені – 5, биіктігі – 2-3 метр болғаны археологиялық өлшем нәтижесінде анықталып отыр.
Сондай-ақ қалашықтың негізгі элементі – солтүстік алаңы. Оның ішкі платформасы ормен қоршалған. Көлемі 35x35 шаршы метр. Алаң барлық жағынан тығыз жабылып, ежелгі қонысқа апаратын жалғыз өткел оңтүстік жағында орналасқан. Қалашықтың композициялық жағдайы мен дизайндық ерекшеліктеріне назар аударған адам – солтүстік алаң күллі бекіністің өзегі екенін аңғарады. Бұл бөлікке қазба жұмысы жасалып, төменгі қабатынан ерте ортағасырлық ғибадатхананың қалдықтары және адамның қаңқасы табылды. Қалашықтың келесі бөлігі оңтүстік алаң болса, ол да ені – 3, тереңдігі – 0,8-1 метр ормен қоршалған және платформасында қос қақпаның сорабы сақталған, үшінші бөлік – шығыс алаң ішкі пайдалануға арналған.