Ботаникалық бақ vs Ботаникалық саябақ. Бақ пен саябақ екі түрлі ұғым

27 Тамыз 2020, 11:10
10720
Бөлісу:
Ботаникалық бақ vs Ботаникалық саябақ. Бақ пен саябақ екі түрлі ұғым
PHOTO VIDEO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ашылғанына небәрі екі жыл болған Астана ботаникалық бағы соңғы уақытта қала тұрғындары мен қонақтары демалатын сүйікті орынға айналды. Алайда ол жерді дұрыс атап жүрміз бе? Ботаникалық бақ па? Әлде Ботаникалық саябақ па? Олардың айырмашылығы неде? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Астана ботаникалық бағының директоры Сәуле Мухтубаевадан сұрап көрдік.

Астана ботаникалық бағы қызметінің мақсаты - табиғи, мәдени, тұрмыстық және әлемдік флораның өсімдіктер коллекциясын қалыптастыру және жүргізу, оларды жинау және эксперименттік учаскелер, гербариялар, питомниктер мен тұқым қорларын құру.

Нұр-Сұлтандағы ботаникалық бақтың негізгі бағыттары - ғылыми, экологиялық, ағартушылық, мәдени-ағартушылық. 

62B44DDD-A222-4992-9D46-BD864565DA2F.JPEG 

Директордың сөзінше, саябақтағы тазалық жұмыстары мен көгалдандыру жұмыстары қала әкімдігінің қарамағында.

Ботаникалық бақ 2 аймаққа бөлінеді – ғылыми және саябақ аймағы.

A7A1FEB3-AF0A-4E1F-99AD-06A5520D1CB0.JPEG 

Қазіргі таңда біз «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК-ның филиалы ретінде жұмыс істейміз. Әлі күнге дейін жеке мекеме емеспіз. Жеке мекеме болып шықсақ, қаржыландыру мәселесі жақсарып, қызметкерлер саны өсіп, техникалық жабдықтау жағы да түзелер еді. Ал филиал болсаң, қандай да бір принцип бойынша жұмыс істейсің. Қажетті зертханаларды құра алмайсың, - дейді Ботаникалық бақтың директоры Сәуле Мухтубаева.

 BE714210-E89F-4C85-BE75-389493F0FCB7.JPEG

Біздің аймаққа саябақтың тек ғылыми бөлігі жатады.

Ботаникалық баққа флораларды табиғаттан алып келеміз. Оларды осы жерге бейімдеп, көбейтеміз. Әсіресе сирек кездесетін өсімдіктерді сақтаймыз. Бүгінде ботаникалық бақ ерекше қорғалатын аймақ статусын алды. Өткен жылы үкіметтің жарлығы шыққан кезде осы статусты берген болатын. Ал өсімдіктерді көрші елдерден Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстаннан алып келеміз. Қаржы аз болғандықтан әлі алыс шетелге шыға алмаймыз, - деді директор.
Қазақстанда 6 ботаникалық бақ бар. Алматыда ең үлкені, Маңғыстау, Жезқазған, Алтай, Бақанас және Нұр-Сұлтандағы бақ.

908224DC-BF30-4C3D-9077-B16FFA813964.JPEG 

Біздің филиалымызға жылына 135 млн теңге қаржы бөлінеді. Бұл өте көп деп айта алмаймын. Себебі мекемеде әлі күнге дейін бірде-бір техника, көлік жоқ. Жұмысты өз күшімізбен жасап отырмыз. Қызметкерлердің жалақысы мен өсімдіктер алуға, басқа да қажеттіліктерді қамтамыз етуге 135 млн теңге аздық етеді. Бақта 26 ғылыми, 52 техникалық қызметкер бар. Олардың орташа айлық жалақысы 90-100 мың теңге. Ал бас агрономның жалақысы 120 мың теңге, - деді Сәуле Мухтубаева.
Директордың айтуынша, өткен жылы саябақтың тазалығына қатысты келеңсіз жағдай болған.
Есіңізде ме, өткен жылы келеңсіз жағдай болды. Біріншіден тазалық жұмысы өте нашар жүргізілді. Ол тазалық жұмысы бөлігін толығымен әкімдік жүргізеді. Яғни Ботаникалық бақтың міндеті емес. Тазалық жұмысын жүргізу үшін де белгілі бір мекемелерге қаржы бөлінеді. Дегенмен, оның көлемін мен қанша екенін білмеймін. Енді өткен жылы біз олармен барынша күрестік, хат та жаздық. Ал осы жылы тазалық жұмысы уақытында әрі дұрыс жүргізілуі үшін әкімдікпен қаңтардан бастап хабарласа бастадық. Себебі баққа халық көп келетіндіктен шағымданатындар да аз болмады. Дегенмен, біз тазалық жұмысына жауапты болмағандықтан, міндетіміз тек ғылыми бөлігі бойынша ғана, - дейді Мухтубаева.

 WhatsApp Image 2020-08-27 at 10.55.03.jpeg

Директордың елімізде осынау салада нағыз мамандар аз екенін алға тартты.

Бұл салада профессионал ботаниктер өте аз. Қазіргі таңда штатымызға мамандарды тартып жатырмыз. Кейде бұған дейін бірге жұмыс істеген мамандарды шақырамыз. Ботаникалық баққа көбіне елордадағы Л.Н. Гумилеп атындағы Еуразия ұлттық университетінің, С. Сейфуллин атындағы Агротехникалық университеттің түлектері келеді. Олар жылыжайда жұмыс істейді. Штатымыздың шамамен жартысы ЕҰУ мен Агротехникалық университеттің түлектері. Оларға оқу орнынан келген соң, қайта бәрін үйретіп, нағыз маман атануларына атсалысып жатырмыз, - деді директор өз сөзінде.

B3345642-60DE-4C26-A93E-75776609398E.JPEG    

«Маман ретінде мен бақ көріп тұрған жоқпын»

Маман ретінде мен бақ көріп тұрған жоқпын. Мен тек саябақты көріп тұрмын. Бұл сұрақ біз үшін өте маңызды. Көріп тұрғандарыңыздай, қоршау жоқ. Қандай да болмасын ботаникалық бақта қоршау болуы керек. Қоршаусыз біз ғылыми коллекциялар өндіре алмаймыз. Мысалы, апа-әжелер отырғызылған өсімдіктерді тамырымен жұлып алып кетеді. Петербургтен әкелген өсімдіктерді бірінші күні отырғыздық, ал екінші күні жоқ. Келіп жұлып алып кетеді. Тек шұңқыры ғана қалады. Сондай-ақ, отырғызылған ұсақ бұтақтардың да тағдыры осы. 1-2 данадан қазып алып кетеді. Осы мәселелерді үнемі көтереміз. Алайда мұның бәрі халық үшін деп ойлайды. Әрине, бұл түсінікті жағдай. Дегенмен бізге Алматыдағы бақтай 90 жыл емес. Ол бақта қоршау болған күннің өзінде адамдар өсімдіктерді ұрлайды. Ал бізде адамдар келіп-кететін аула ғана. Осылайша біздің жұмыстың еш нәтижесі болмай, нашар жүруде. Осы жері көңілді қынжылтады. Мысалы, өткен аптада емдік өсімдіктер кураторы шағымданып жатыр. Бір әже келіп, фенологиялық бақылау жүргізіп отырған өсімдіктерді сөмкелеріне салып, жинап алып кеткен. Міне, осылайша, біздің ғылыми жұмыстар ауаға ұшып жатыр. Осы жылы қызғалдақтар фестивалін ұйымдастырдық. Ол кезде де гүлдер тамырымен жұлынып кетті, - деп Сәуле ханым әңгіме арасында шағымын жеткізді.

Оның айтуынша, территорияда бірнеше бастық болған қиын. Себебі әрқайсысының өзіндік көзқарасы, жұмыс істеу принципі болады.

2735D830-02AF-417E-A1B8-8D251F091B7E.JPEG    

Бақ пен саябақ екі түрлі ұғым 

Халық Ботаникалық бақта екі аймақ бар екенін білмейді. Бақ пен саябақ екі түрлі нәрсе. Бақта ерекше, эксклюзивті, жоғалып бара жатқан, сирек кездесетін өсімдіктер өсуі керек. Алайда барлық шағымдар, түсініспеушіліктер біздің адреске келеді. Адамдарға оны түсіндіріп те жатырмыз, бірақ оны түсінетін адам бар ма?! Халық үшін «Ботаникалық бақ» жай ғана ботаникалық бақ болып қала береді, - дейді жылыжай директоры.

EBAC4130-0047-477F-8D29-64CBC77C2DBF.JPEG    

Біз жеке коллекционерлерді өзіміздің баққа жұмылдыруға тырысамыз. Сондай нұр-сұлтандық маман туралы естіп, оны өзімізге шақырдым. Қазір ол бізге сирек кездесетін суккулентті өсімдіктің 100 түрін сыйға тартты. Ол - біз үшін үлкен байлық, - деді ол.

Жылыжай экскурсия үшін құрылғандықтан, өсімдіктерді көбейту үшін орын жетіспейді.

D8895415-6188-4159-B83A-E960598BC8E8.JPEG

Олардың түрлерін байытуға еш мүмкіндік жоқ. Стандарт бойынша жылыжай биіктігі 25 метр болуы керек, біздікі 13 метр. Жылыжай көлемі үшбұрышты, бұл ескі макет. Қазір барлық жерде заманауи жылыжайлардың биіктігін 25 метр етіп жасайды. Мысалы, мына биік ағаштар еркін өсе алмайды. Әсіресе, қыста аяз болғанда жапырақтары терезеге тиіп, тамырына сигнал береді. Осылайша, өсуі тоқтап қалады. Жеміс беру, көбею процесі біршама баяулайды, - дейді директор.

Дұрыс күтім жасап, 10 жылдан кейін саябақ емес, бақты көргіміз келеді. Бір жағынан көбею, даму үшін лайықты қаржы да бөлінуі қажет. Ботаникалық бақ директоры ондағы бір минус – қаржының аздығы екендігін де айтты.

BD45698B-ED6C-4249-96D2-F554CABAAB5D.JPEG 

Біздің тағы бір міндетіміз – халықты мәдени ағартушылық. Осы ретте мектептермен бірлесіп жұмыс істейміз. Онымен қоса, шетелдік туристер де көп келеді. Түрлі шеберлік сабақтарын өткіземіз. 5 маусымда экологтар күніне орай, Астана ботаникалық бағының ұжымы 2 шеберлік сабағын ұйымдастырды. Біріншісі - Суретшілер одағымен бірлесіп, табиғи ортаны қорғау мақсатында. Яғни 4 суретші келушілерге сурет салуды үйретті. Екіншісі - өсімдіктерді отырғызу бойынша өтті. Бұл іс-шараға шамамен 20-30 адам қатысты, - дейді маман.

EA6EC52E-A9D2-419D-B223-F58218FE3109.JPEG 

Жылыжайдағы ағаштарда жемістер піскен соң, кейде келушілерге дәм татуға да береді.

Сондай-ақ, пісіп, жетілген жемістерге мамандар ғылыми зерттеулер жүргізіп, ұрықтарын жинайды.

0C5B621C-4AE0-4317-8351-D21E6B34F017.JPEG      

Ботаникалық баққа жұмыс күндері 12:00-20:00-ге дейін кіруге болады. Ал демалыс күндері карантин талабына сай рұқсат жоқ.

Жылыжайға келетін туристер статистикасын жүргіземіз. Мысалы, өткен жылы баққа 4000 адам келді. Олардан 4 млн-ға жуық қаражат түсті. Ал ол қаржы жылыжайға қажетті керек-жарақтарға жұмсалады. Онымен қоса, кіру билетінен бөлек, құтыдағы бөлме гүлдерін де сатамыз. Сондай-ақ, «Ботаникалық бақтың достары» сайтын құрдым. Ол жерде жүгірушілер қауымдастығы, білім министрлігінің өкілдері бар. Олар сенбіліктерге араласып, тазалық жұмыстарына көмектеседі, - деді Мухтубаева.

4F46261D-EB25-434D-92F0-A24B1FDB236C.JPEG

Саябақ территориясында 6 бөлікте өсімдіктер отырғызылған. Онда «Қызыл кітапқа» енгізілген, емдік қасиеті бар өсімдіктер бар.

 D6EA0FA3-9E08-4EDF-B0B0-689D7CE7AF38.JPEG

Қазір алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Дұрыс отырғызылмаған өсімдіктерді қайта отырғызамыз. Осылайша ботаникалық бақтың қызметкерлері күзгі отырғызуға дайындалып жатыр. Қазір соған тынбай дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Одан бөлек өсімдіктердің тұқымдарын жинау маусымы да басталады. Қазір көптеп тұқым жинап алуға дайын отырмыз. Әйтпесе халық оны да жинап алып кетеді. Ленталармен қоршау жасаймыз, оны да жұлып тастайды. Ал біз мұндай әрекеттер үшін айыппұл да сала алмаймыз. Себебі оны бақылайтын арнайы қызметкерлер болуы керек, - деп сөзін түйіндеді Сәуле Мухтубаева.    

Өзгелердің жаңалығы