Алматы облысындағы Қаскелең перзентханасында жас босанған әйел үшінші қабаттан секіріп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ақпаратты заңгер, қоғам белсендісі Сәуле Бикитеева әлеуметтік желіде жариялады. Қоғам белсендісі терезеден секірген әйелдің жағдайын білу үшін, Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласындағы перзентханаға барған.
Әйел Қарасай орталық аудандық ауруханасының перзентханасына төрт күн бұрын түскен.
Кеше маған оқырмандарым біздің перзентханада босанған әйел үшінші қабаттағы терезеден секірді деп жазды. Әйел адамның жағдайын білу үшін перзентханаға бардым. Науқастың жағдайы бірқалыпты деді. Қасында медбикелер болған, жанындағы медбикелерді итеріп жіберіп, секіріп кетуге отадан шыққан келіншектің бойындағы қандай күш? Әйелге бала сүюді Алла нәсіп еткен, тезірек сауығып кетсін. Орталық ауруханаға да бұл жағдай сабақ болар, – дейді Сәуле Бикитеева.
Перзентхана қызметкері жағдайдың мән-жайын видеода айтып берген.
Үшінші қабаттан құлады. Ол кісі бізге төрт күн бұрын түскен. Бұған дейінгі үш жүктілігі де сәтсіз болған. Бірінші баласы құрсағында жатқанда шетінеп кетіпті. ЭКО-мен көтерген екінші баласы да 26 апта болғанда, тіршілік белгісі болмай, жоспарлы түрде отаға алынған. Үшінші баласында шарана қозғалмай қалған соң УДЗ жасағанда, баланың жүрегі тоқтағаны анықталған. Сол себепті перзентханаға алынып, кесарь тілігі жасалған. Отадан кейін үшінші күні секірген. Үш баласынан да айырылу оңай емес қой. Босанудан кейінгі күйзеліске түсті ме? Қасында дәрісін беріп тұрған медбикені итеріп жіберіп, өзі секіріп кеткен, - деді перзентхана өкілі.
Перзентхана меңгерушісі Ғани Қалдыбаев әйелдің қазір жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді.
Қасында жансақтау бөлімінің қызметкерлері болды. Медициналық қызметкерді күшпен итеріп жіберіп, өзі секіріп кеткен. Бізге іште жатып шетінеп кеткен сәбиімен түсті. Қазір әйелдің жағдайы бірқалыпты. Кеше нейрохирург, травматолог қарап, көмегін көрсетті. Басына зақым келмеген, екі қолында жарақаттар бар, – деді Ғани Қалдыбаев.
Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр.
Перзентхана қызметкерлерінің айтуынша, әйел жақсылап емделсе, алдағы уақытта әлі де бала көтеру мүмкіндігі бар.