Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскийге қатысты өткір мәлімдемесінің мәнін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Джонсон еуропалықтарды Трамптың сөзін талқылауды қойып, соғысты тоқтатуға көмектесуге шақырды.
Бұл соғысты Украина бастаған жоқ. Оны кінәлау – АҚШ-тың Перл-Харборға өзі шабуыл жасады деумен бірдей. Басқыншылыққа ұшыраған ел сайлау өткізе алмайтыны белгілі. Мысалы, Ұлыбританияда 1935 жылдан 1945 жылға дейін жалпыұлттық сайлау болған жоқ. Ал Зеленскийдің рейтингі 4 пайыз деген – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Шын мәнінде, оның танымалдығы Трамптікімен шамалас. Трамптың сөздері тарихи дәлдікке бағытталған емес – оның мақсаты еуропалықтарды селт еткізіп, әрекетке итермелеу, – деді Джонсон.
Бұғатталған 300 миллиард доллар: Еуропа неге бөгет болуда?
Джонсон Ресейдің шетелде бұғатталған 300 миллиард доллары туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл қаражаттың басым бөлігі Бельгияда сақтаулы.
Бұл қаражаттарды Украинаға көмек көрсетуге және АҚШ-тың бұл елді қолдауына жұмсалған шығындарын өтеуге пайдалануға болады. Ендеше Еуропа неге Путиннің ақшасын бұғаттауға неге кедергі жасап отыр,- деді Джонсон.
Ол сондай-ақ АҚШ-тың бұл процесті Бельгия, Франция және басқа елдердің бұғаттауы туралы пікірін нақтылады.
Бұл абсурд. Біз бұл мәселеге байыпты қарауымыз керек - және мүмкіндігінше тезірек, - деді Джонсон.
Айта кетейік, бұған дейін Дональд Трамп Украина президентін қатты сынға алып, оны "өте төмен рейтингке қарамастан сайлау өткізуден бас тартты" деп айыптаған.
Сондай-ақ, ол Зеленскийді жеңіске жету мүмкін емес әрі басталмауы тиіс соғысқа АҚШ-тың қаржысын жұмсады деп сөкті. Тіпті Трамп Украина басшысын "комик", ал елді басқару стилін "диктатура" деп атады. Оның айтуынша, Зеленский билігінде миллиондаған адам бекер қаза тапқан.
Бұл мәлімдемеден кейін бірнеше батыс елінің көшбасшылары Зеленскийге қолдау білдірді. Украина Сыртқы істер министрі, БҰҰ Бас хатшысының өкілі мен Германия канцлері де Трамптың сынына қатысты пікір білдірді.