Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Боран, көктайғақ: Бурабайға барған туристер нені ескергені жөн

3 Қаңтар 2026, 21:15
298
Бөлісу:
 freepik.com
Фото: freepik.com

3–4 қаңтар күндері Ақмола облысында қолайсыз ауа райы күтіледі. Осыған байланысты жол қызметтері Бурабайға демалуға барғандарға ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы таратқан мәліметке сүйенсек, 3–4 қаңтарда Ақмола облысында (Астана – Щучинск бағыты) ауа райының нашарлауы күтіледі.

3–4 қаңтарға арналған болжамға сәйкес, Ақмола облысында қолайсыз метеожағдайлар күтіледі (боран, желдің күшеюі, көрінудің төмендеуі, көктайғақ болуы мүмкін). Осыған байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда, оның ішінде Астана – Щучинск бағытында қозғалысқа уақытша шектеулер енгізілуі мүмкін. Күрделі жағдай кезеңіне және ықтимал шектеулерге тап болмау үшін Бурабай курорттық аймағынан шығуды жоспарлап отырған жүргізушілерден сапар уақытын алдын ала қайта қарап, ертерек жолға шығуды сұраймыз, - делінген хабарламада.

Азаматтардан жолда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау сұралады:

  • нақты жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдаңыз (көктайғақ пен көріну төмен болғанда жылдамдықты азайтыңыз);
  • арақашықтықты сақтап, күрт маневрлер мен басып озудан аулақ болыңыз;
  • қауіпсіздік белдігін тағып, жақын жарықты немесе күндізгі жүріс шамдарын қосыңыз;
  • ауа райы нашарлаған жағдайда мүмкіндігінше сапарды кейінге қалдырып, жабылған учаскелерге шықпаңыз.

Ұйымдастырылған колоннамен қозғалу кезінде:

  • колонна құрамында қатаң түрде қозғалып, қарсы бағытқа шықпау және басып озуға тырыспау;
  • полиция және жол қызметі өкілдерінің талаптарын орындап, арақашықтықты сақтау;
  • қажеттіліксіз колоннадан шықпау және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеу ұсынылады.

Сондай-ақ қазақстандықтардан қозғалысқа шектеулердің енгізілуі немесе алынуы туралы ресми хабарламаларды қадағалап отыру сұралады.

Қосымша ақпаратты 1403 байланыс орталығы арқылы білуге болады.

Өзгелердің жаңалығы