Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетерлігі, Сенатта «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтіп жатыр.
Халықаралық қаржы ұйымдарының бағалауы бойынша, 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 1,7 пайыз бен 2,9 пайыз арасында болатындығы болжанып отыр. 2023 жылға арналған Brent маркалы мұнай бағасының консенсус-болжамы барреліне 87,3 долларды құрайды. Жыл басынан бері орташа баға барреліне 84 доллар деңгейінде қалыптасты. Жедел деректерге сәйкес, 2022 жылы ІЖӨ-нің өсуі 3,2 пайызға тең болды. Биыл салалық министрліктердің бағалауы бойынша, экономика секторы мақұлдаған мәндерде оң серпін күтілуде, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Айтуынша, елдің макроэкономикалық көрсеткіштер бұрын мақұлданған деңгейде сақталды.
Яғни ішкі жалпы өнімнің өсуі 4 пайыз деңгейде, мұнай бағасы 85 доллар, мұнай өндіру көлемі 92,6 млн тонна болып өзгеріссіз қалдырылды. Сондай-ақ өнеркәсіп 4,6 пайыз, ауыл шаруашылығы 3 пайыз, құрылыс 3,8 пайыз, саудак 6,2 пайыз, көлік саласы 3,3 пайыз өсу болжамдары сақталды. Экспорттың көлемі 80,9 млрд доллар, импорттың көлемі 45,7 млрд доллар деңгейінде болады, - деді Азамат Әмрин.
Сонымен қатар ол Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен қыркүйектегі Жолдауын қамтамасыз ету бойынша Үкімет алға қойған міндетті іске асыру үшін бюджет параметрлерін нақты ұсынады деп отыр.
Бұл ретте 2023 жылы республикалық бюджеттің кірістері бекітілген жоспардан 720 млрд теңгеге өсіп, ішкі жалпы өнімге шаққанда 12,1 пайыз деңгейді құрайды. Республикалық бюджетке түсетін қосымша түсімдер кіріс базасын кеңейту, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту, цифрландыруға қатысты қабылдап отырған шаралар есебінен қамтамасыз етіледі, - деді вице-министр.