Болжам: 2026 жылы оңтүстікте су тапшылығы қаупі бар

Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде.

 pixabay Бүгiн 2026, 11:23
Бүгiн 2026, 11:23
370
Фото: pixabay

2026 жылғы вегетациялық кезең қарсаңында елдегі су қорының жағдайы мен күтілетін тәуекелдер Үкімет отырысында талқыланды. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов негізгі болжамды жария етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Министрдің айтуынша, өткен жылдан бастап ведомство алты айға дейінгі мерзімге су болжамын жасауға мүмкіндік беретін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеп жатыр.
Гидрологиялық модельдің есептеулеріне сәйкес Сырдария және Талас өзендерінің бассейндерінде су мөлшері көпжылдық нормадан төмен болады деп күтілуде, – дейді Нұржан Нұржігітов.
Қай өңірлерде су тапшылығы күтіледі?
 
Модель деректеріне сәйкес:
•Сырдария және Талас бассейндерінде су көлемі нормадан төмен болады;
•Сырдарияның жекелеген бүйірлік салаларында және Шу бассейнінде су мөлшері норма шегінде;
•Іле бассейнінде жалпы су ағыны норма шегінде, кей учаскелерде нормадан жоғары болуы мүмкін.
 
Министр 2025 жылғы құрғақшылықтың салдары биылғы су жағдайына әсер етіп отырғанын атап өтті. Ылғал қоры таулы аймақтарда біркелкі жиналмаған: орта таулы аймақта жеткілікті болса, биік таулы өңірлерде көпжылдық нормадан төмен.
Көктемнің басында ауа температурасының жоғары болуы және жауын-шашынның мол түсуі жағдайында су көлемі артады деп күтілуде, ал жазғы кезеңде өзен ағыны нормадан төмен болуы ықтимал, – деді министр.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылғы вегетациялық кезең әсіресе Арал–Сырдария және Шу–Талас бассейндерінде тәуекелмен өтуі мүмкін.
 
Тоқтоғұл су қоймасы көлемі қазір 7 610 млн текше метрді құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 млрд текше метрге төмен. Энергия тапшылығына байланысты су қоймасы күшейтілген режимде босатылып жатыр.
 
Вегетация басында Тоқтоғұл су қоймасы жинақтау режиміне көшіріледі деп болжануда. Бұл Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарына “Достық” каналы арқылы су жеткізуге кері әсерін тигізуі мүмкін, – деді Нұржігітов.
 
Наверх