«Болмаған балалық шақ». Қоғам мұндай шынайы дүниеге шөліркеп қалған – Жексенбай

20 Мамыр 2023, 15:13
2025
Бөлісу:
«Болмаған балалық шақ». Қоғам мұндай шынайы дүниеге шөліркеп қалған – Жексенбай
Фото: Артём Чурсинов

Астанада Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында «Болмаған балалық шақ» қойылымы көрерменге жол тартты, деп жазады BAQ.KZ.

Спектакль жеті рет қайта басылып, қазақы бестселлерге айналған Ақберен Елгезектің повесінің желісі бойынша сахналанған.

Сенатор Бибігүл Жексенбай қойылымға қатысты пікірін айтты.

Әуел баста шығармаға арқау болған баланың ішкі, сыртқы арпалысы енді көрерменді сол сезімді сезінуге, сол ортаның арасында болуға мүмкіндік беріп отырғандай. Бір күнде әкеден айрылып, анадан тірідей жетімдік көрген, өгей әке қорлығын сезген, тауқыметті бала кезден белі қайысып көтерген Ақош – басты кейіпкер. Ақош – әдеттегі қойылымдағыдай көркем қиялдың туындысы емес, өмірде бар, ақынның өзі, – деп жазды Сенатор.

Оның айтуынша, қоюшы-режиссері Әли Бидахметтің алғашқы еңбектерінің бірі екендігіне қарамастан, тың тәсіл, әдемі шығармашылық қолтаңбасы, фәлсафалық қадамдары айқын байқалады.

Құдаймен тілдесіп, құдайға ғана өтініш, тілегін айтқан бала образы…ядролық сынақтан жарымжан болып дүниеге келген баланың бауырмалдығы, ананың шарасыздығы, әженің шексіз махаббаты актерлердің кәсіби жоғары деңгейінің асқан шеберлікпен көрсетіліп, қойылымның сәтті шығуына негіз болған. Жалпы, қазақ театрында өрлеу дәуірі басталғандай. Залда ине шаншар жер болмады. Бір жарым сағаттық қойылымды екі аяғынан тік тұрып көріп шыққан көрермендер, Атырау, Шымкент, Семейден дәл осы премьераны көруге келген ағайынды көріп қуандым. Қоғам мұндай шынайы дүниеге шөліркеп қалған, – деді Бибігүл Жексенбай.

Өзгелердің жаңалығы