Болат Сәрсенбаев Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысының арнайы өкілі ВАбдель Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
20 ақпанда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаевтың Дүниежүзілік Ислам Лигасының (ДИЛ) Бас хатшысының арнайы өкілі Абдель Азиз бен Ахмад Сарханмен кездесуі өтті.
Кездесуге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті Төрағасының орынбасары Б.Бакиров, ДИЛ Бас Хатшылығы Арнайы өкілі кеңсесінің директоры Фейсал Гази Әл-Хазми, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы аппаратының басшысы Г.Мажиев қатысты.
Б. Сәрсенбаев Абдель Азиз бен Ахмад Сарханға Съездің XX Хатшылығына, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезіне қатысушысы ретінде Қазақстанның дінаралық диалог пен келісімді ілгерілетудегі бастамаларына көрсетіп отырған қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде А. Сархан Қазақстан тарапына жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Н. Назарбаев Орталығының өркениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетудегі маңыздылығын атап өтті.
Сұхбаттасушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі идеяларын және оның әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани көшбасшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойған қорытынды құжаты – Декларацияны ілгерілетудің ерекше маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар тараптар конфессияаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы уағдаласты.