Астана қаласы мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов 8 жыл 6 айға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай шешімді Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында судья Әсел Мукушова жариялады.
Болат Мажағұлов Есіл өзеніндегі субұрқаққа бөлінген 1 млрд теңге қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот Мажағұловты 8,5 жылға соттап, өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды. Сондай-ақ ол "Құрмет" орденінен де айырылды.
Экс-шенеунік жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Ал құрылыс компаниясының басшысы Мәди Қанапин "Ұрлыққа жәрдемдесу" бабы бойынша 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мажағұлов 2016 жылы Астанадағы "Күн" субұрқағын салу кезінде ақша жымқырды деген күдікке ілінген. 2017 жылдан бастап аталған субұрқақ апатты жағдайда.
Болат Мажағұлов 1983 жылы Алматыда дүниеге келген. Қазақ ұлттық музыка академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1999 жылы Астана қаласы мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің бірінші санатты әртісі болып бастаған.
2002 жылдан 2007 жыл аралығында Мемлекеттік филармонияда, "Ұлан" ұлттық гвардиясында, Астана қаласы Мәдениет басқармасының құрылымында жұмыс істеген.
Кейін Бейбітшілік және келісім сарайын, Астана қаласы Мәдениет басқармасын, Астана қаласы Мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасын, Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармаларын басқарған.