Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Болашақта қоғамымыз дамып, халқымыздың талап-тіршілігіне жауап беретін жаңа мемлекет – жаңа үкімет болады деген сенімдемін. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев айтты.
Сенатор Президенттің мәжіліс отырысында Үкіметке айтқан тапсырмаларына қатысты пікірін білдірді.
Жаңа Үкіметтің алдында біраз мәселе тұр. Мысалға алар болсақ, халық арасындағы теңгерімсіздік мәселесі. Президент орташа жалақының артында қандай жасырын мәселелер жатқанына көз жеткізгені туралы айтты. Яғни табысына байланысты жікке бөліну. Қоғамда біреулер аса қатты байып кетті, біреулер қатты кедейленіп қалды. Бұл – еліміздегі қазіргі жағдай. Оны Президент атап өтті, - деді ол.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы айтқан қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталып, болашақта Қазақстан жаңа мемлекет болатынына сенімін білдірді. Өз сөзінде депутат қазақстандықтарды Президенттің тапсырмаларын тиянақты орындап, шешімдерін қолдауға шақырды.
Жұмыссыздық мәселесі - әлеуметтік мәселенің бірі. Елімізде жалақы, азық-түлік тауарлары, коммуналдық қызметтерге қатысты мәселелер де өзекті. Мемлекет басшысы 180 күнге дейін жалақының көтерілуіне мораторий жариялады. Сондай-ақ антитеррорлық операция кезінде орын алған Қарулы Күштеріміздің арасындағы бір-бірімен байланыстың жоқтығы, оларды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелерінің бар екенін атап өтті. Сонымен қатар бүкіл құқық қорғау органдарын реформалау қажет екенін атап өтті. Кадрларды дайындау, оларды оқыту, әскери қызметте, құқық қорғау органдарында жүргендердің жалақысын көтеру туралы да айтты. Өз өмірін қиып, елдегі тұрақсыздықты қалпына келтіруге қатысқан азаматтарымыздың жағдайын атап өтті. Мемлекет басшысының бағдарланған саясаты алдағы уақытта мемлекетіміздің жаңаша дамуына үлкен септігін тигізеді. Сондықтан да мен барша қазақстандықты, әріптестерімді осы Мемлекет басшысының айтқан тапсырмаларын тиянақты орындауға және Президенттің айналасына топтасып, қолдауға шақырамын. Болашақта қоғамымыз дамып, халқымыздың талап-тіршілігіне жауап беретін жаңа мемлекет – жаңа үкімет болады деген сенімдемін, - деді Нариман Төреғалиев.