«Болашақпен» оқығандардың еңбек өтілі қысқара ма?

22 Сәуір 2021, 18:18
2142
Бөлісу:
«Болашақпен» оқығандардың еңбек өтілі қысқара ма?

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова «Болашақ» түлектерінің еңбек өтіліне қатысты сұрақтарға жауап берді.

«Болашақ» түлектері міндетті 5 жылын өтемей, өз бетімен басқа бағдарламалар арқылы докторантураға түссе, оқуға бара ала ма деп редакциямыз брифингте қатысушыларға сауал жолдаған болатын.

«Болашақ» бағдарламасының шеңберінде келісімшарттық міндеттемелеріне сәйкес көрсетілген еңбек өтілімі мерзімі 3 жыл болсын, 5 жыл болсын көрсетілген мерзім өтелмей, «Болашақ» бағдарламасының түлегі басқа оқу бағдарламасына қатыса алмайды, - деп қысқа жауап берді ол. 

Айнұр Кәрібозова «Болашақ» түлектерінің еңбек өтілін өзгертуге қатысты өтініштеріне жауап берді.

Бүгінгі нормативтік реттеуге сәйкес, соның ішінде «Болашақ» халықаралық стипендиясына үміткерлерді іріктеу ережесіне сәйкес еңбек өтіліне қойылатын талап республикалық маңызы бар үш қалада (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) 5 жыл, ал аймақтарда алған мамандығы бойынша 3 жыл еңбек өтілімі бойынша міндеттеме қойылады, - деп түсіндірді Кәрібозова. 

«Болашақ» түлектерінің еңбек өтілін өзгертуге қатысты өтініштері қарастырылып жатқанын айтты.

Былтыр іріктеу ережесінің жаңа жобасы талқыға салынған кезде осы ұсыныстар қарастырылды. Біз әлі де талқыға салып, оны қарастырамыз, - деп айтты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті. 

Айта кетейік, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсетін ЖОО тізімі көбейді.

 

Өзгелердің жаңалығы