Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының армиялық авиация ұшу факультетінің курсанттары ұшу даярлығы бойынша мемлекеттік емтихандардың тәжірибелік бөлігін тапсырды.
Ми-8МТ тікұшағында осы мамандық бойынша ұшу шеберлігіне оқыту жүргізіледі. Бұл жүк пен жеке құрамды тасымалдауға, бес мың метрге дейін биіктікке көтерілуге қабілетті орта класты көп мақсатты тікұшақ, – деп атап өтті Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты авиациялық оқу орталығының бастығы подполковник Рүстем Қонақбаев.
Курсанттың өздігінен ұшуға дайындығын анықтау – ұшуды оқытудың жауапты кезеңі және нұсқаушы-ұшқыштың білікті бағасын талап етеді.
Бұл ұшу даярлығы бойынша мемлекеттік емтихан болып табылады. Оның барысында курсант ұшуды, қонуды, жер үстінде қалықтауды, маневр жасауды, бағыт бойынша ұшуды және ұшудың басқа да элементтерін орындауды көрсетеді.
Емтихан барысында нұсқаушы сондай-ақ моральдық-психологиялық дайындығы, қозғалтқыштың, аспаптар мен жүйелердің істен шығу күрделі жағдайында шешімдер қабылдаудың барабарлығын тексерді.
– Бірінші курста тікұшақпен алғашқы дербес ұшудан кейін бәріміз ерекше сезімге бөлендік. Қанатымыз қатайғандай болды. Қазір қорытынды емтиханды тапсыру кезінде мен мамандықты дұрыс таңдағаныма тағы да көз жеткіздім, - деп бітіруші курс курсанты Алекс Жұмағұлов бөлісті.
Оқу аяқталғанда курсанттардың ұшу тәжірибесі 80-нен астам сағатты құрайтын болады.