Бокстан 13-19 қараша күндері аралығында Астана қаласында өткен VI жазғы Спартакиаданың өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
4 жылда бір ұйымдастырылатын айтулы бәсекеде 13 салмақта 176 спортшы жүлдеге таласты. Бір аптаға созылған жарыс нəтижесі бойынша командалық есепте Астана қаласы бірінші орын алды,
Финалдық жекпе-жек барысында жарыс қожайындары рингте сәтті өнер көрсетті. Атап айтар болсақ, Астана қаласының үздік спортшылары ағайынды Оралбайлар өздерінің мықты екендерін осы турнир барысында тағы бір дәлелдеді. Нұрбек пен Айбек 80 және 92 келіде сынға түсіп, екінші рет жазғы Спартакиада чемпионы атанды.
VI жазғы Спартакиаданың алғашқы финалдық жекпе-жегінде 48 келіде сынға түскен жерлесіміз Асхат Жүсіпов екінші орын алды.
Көпшілік күткен олимпиадалық салмақтардың жекпе-жегі тартысты өтті. 51 келіге ауысқан елордалық спортшы Санжар Тәшкенбай қарсыласы Сәкен Бибосыновқа есе жіберіп, күмісті қанжығалады.
86 келідегі елордалық жас боксшы, жастар арасында 2 дүркін Азия чемпионы Темірлан Мұқатаев VI жазғы Спартакиаданың финалында тәжірибелі Абзал Құттыбековті 4:1 есебімен ұтып, алтын медаль иегері атанды.
Екі бірдей әлем чемпионы Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетовтің де кездесуі тартысты өтті. 80 келіде жекпе-жекте төрешілер Нұрбектің үздік шыққанын растады. Ал оның сыңары, 92 келіде Айбек Оралбай өзінің басты бәсекелесі Сағындық Тоғамбайды жеңді.
Сондай-ақ турнирде бірнеше номинация бойынша былғары қолғап шеберлері марапатталды. Астана қаласының 19 жастағы боксшысы – Темірлан Мұқатаев турнирдің ең жас чемпионы әрі турнирдің жаңа есімі атанды.
Осылайша Астана қаласы жалпы есепте 3 алтын 2 күміс медальмен топ басына шықты. Екінші сатыға 3 алтынмен Жамбыл облысы жайғасты. 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде алған Түркістан облысы үздік үштік қатарынан көрінді.
Енді келесі жазғы Спартакиада 2027 жылы өтеді.