Ханчжоудағы (Қытай) Азия ойындарына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың ең үздік боксшыларына сенім артады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрамға іліккен қазақ боксшылары Ташкенттегі әлем чемпионаты мен Астанада өткен «Elorda Cup» халықаралық турнирінде үздік өнерімен танылғандар.
51 келіге дейінгі салмақта Сәкен Бибосынов бақ сынайды. Ал 57 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы Махмұд Сабырхан бар. Ал 63,5 келіде Ертуған Зейнуллиновқа сенім артып отыр.
71 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы, капитан Асланбек Шымбергенов бақ сынайды. Сондай-ақ ол Азия ойындарында Қазақстанның туын көтеріп шығады.
80 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай, ал 92 келіге дейінгі боксшылар бәсекесіне Сағындық Тоғамбай қатысады. Ал аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев ел намысын қорғайды.
Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. 40 спорт түрінен медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Айта кетейік, осыған дейін Азия ойындарына қатысатын қазақстандық боксшы қыздар да белгілі болған еді.