Ташкентте өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақ боксшысы Дулат Бекбауов екінші жекпе-жегін өткізіп, 67 келі салмақта 1/8 финалда үндістандық Акаш Акашқа қарсы шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен (5:0) қазақстандықтың жеңісімен аяқталды. Осылайша Бекбауов 1/4 финалға шықты.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының тағы алты боксшысы - Махмұд Сабырхан (54 келі), Санжар Тәшкенбай (48 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Қамшыбек Коңқабаев (+92 келі) әлем чемпионатының ¼ финалына шыққан болатын.
Ширек финалдық кездесулер сәрсенбі, 10 мамыр күні өтеді. Сонымен, 2023 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалына шығу үшін Санжар Тәшкенбай Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Жапонияның бес дүркін чемпионы Казума Аратакемен кездеседі. Ал Ломаченко лақап атымен танымал Махмұд Сабырхан ганалық Мохаммед Амадумен жұдырықтасады.
Теміржанов Куба чемпионы Сайдель Ортамен, ал Бекбауов мексикалық Мигель Анхель Мартинеспен сынға түседі. Қазақстан құрамасының капитаны Шымбергеновтың қарсыласы қазіргі әлем чемпионы жапониялық Севон Окадзаваны сенсациялық түрде нокаутқа түсірген Макан Траоре болмақ. Оралбай рингке Азия чемпионы, иорданиялық Хусейн Эйшаиш Ишайшпен шығады.
Бокс жанкүйерлері Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы көптен күткен жекпе-жекті тағатсыздана күтуде. Ширек финалда Қоңқабаев Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы Баходир Жалоловпен кездеседі.
Бұдан бөлек Қазақстанның алты боксшысы жарыс жолынан шығып қалды. Олар: Сағындық Тоғамбай (86 келі), Сәкен Бибосынов (48 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Санатәлі Төлтаев (63,5 келі) және Талғат Сырымбетов (60 келі).
Сонымен қатар бүгін 75 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрқанат Райыс әлем чемпионатындағы екінші кездесуін өткізді. 1/8 финалда Райыс бразилиялық Вандерлей Перейрамен кездесіп, 0-5 есебімен жеңіліп қалды. 23 жастағы Райс үшін бұл спорттық мансабындағы екінші әлем чемпионаты болды. Белградта өткен әлем чемпионатында ол 1/4 финалдан әрі аса алмады.