Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақпанның 1-7-сі аралығында Алматы қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қыздар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және вице-министр Сәкен Мұсайбековтің жас спортшыларға сәттілік тілеген құттықтау хаты жарыс ұйымдастырушыларына тапсырылды.
Басты дода саналатын бұл чемпионатқа еліміздің түкпір-түкпірінен 2003-2004 және 2005-2006 жылы туған сайдың тасындай іріктеліп алынған барлығы 269 бұрымды боксшылар қатысып, басты жүлде үшін бақтарын сынады.
Аталған додада Шаңырақ спорт мектеп-интернат-колледжінің бокстан аға жаттықтырушысы Омарбеков Бағлан Балдырғанұлы баптап, қанатын қатайтқан былғары қолғап шеберлеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Чемпионаттың нәтижесі бойынша шаршы алаңда атой салған боксшы қыздарымыз 6 алтын, 3 күміс және 3 қола медальды колледж қоржынына салды.
Атап айтқанда, 63 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Жаңабаева Аружан, Сейдіш Бақыт (66 кг), Түркістанова Ақжан (75 кг), Әбілқайыр Үміт (80 кг), 80 және 81-ден жоғары салмақтарда Рысбек Шұғыла және Тоқтасын Әсел ешкімге дес бермей, алтыннан алқа тағынды. Бабы мен бағы қатар шапқан боксшы қыздарымыздың арасында Тұрғынбай Мәншүк (46 кг), Сәлімбай Анар (54 кг) және Балғабек Аруза (60 кг) күміс медаль еншіледі. Сондай-ақ қола медаль үшін өткен тартысты бәсекеде Таубай Ұлдана (57 кг), Марат Арайлым (60 кг), Ерболатқызы Мақпал (60 кг) өз мүмкіндіктерін жіберген жоқ.
Жарыс қорытындысы бойынша боксшы қызымыз Әбілқайыр Үміт «Жеңіске деген құштарлығы үшін» номинациясымен марапатталды. Чемпионатта жүлделі орынға ие болған мектебіміздің былғары қолғап шеберлері ұлттық құрама сапына шақыртылып, жоспар бойынша биыл сәуір айында жалауын көтеретін жастар арасындағы Әлем чемпионатына дайындықтарын пысықтайтын болады. Спортшыларымызды және қыздар боксы бөлімінің жаттықтырушыларын айтулы жеңістерімен құттықтап, алдағы болатын жарыстарда да жеңіс тұғырынан көріне берулерін тілейміз!