Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан алюминий өндіретін боксит қоры бойынша (365 млн тонна) әлемде 12-орынды алады. Бірақ осы уақытқа дейін бокситтердің орасан зор қоры болса да, Қазақстан өңделген алюминий өнімдерін импорттайды.
Мәселен, 2020 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы кезеңде алюминий қаптамаларының импорты құндық мәнде 32,4 млн доллар, алюминий сымының импорты 20,2 млн доллар, металл конструкцияларының импорты 18 млн долларға жетті.
Мұның себебі – ел ішінде өндіріс орындарының жетіспеушілігі.
Еліміздегі бастапқы алюминийдің жалғыз өндірушісі - «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ.
ҚЭЗ деректері бойынша, 2019 жылы кәсіпорында 263 мың тоннадан астам бастапқы алюминий өндірілген. Өнімнің 90%-ға жуығы экспортқа кетеді. Негізгі сатып алушылар – Түркия, Греция, Өзбекстан және Грузия. Бұл ретте, ҚЭЗ маңызды өндірістік кезеңді еңсерді – іске қосылған сәттен бастап 2,5 млн тоннадан астам бастапқы алюминий өндірді.
Қазақстанда ең жоғары қайта өңдеу өнімдері өндірісін ұйымдастыру ұзақ уақытты алады және елеулі шығындарды талап етеді (экспортқа арналған жоғары көліктік шығыстар, білікті мамандар мен технологиялардың жетіспеушілігі). Алайда, ол экономиканың алюминий өнімдеріне деген қажеттілігін ескере отырып, өзін толығымен өтейді. Қазақстан Республикасының аумағында машина жасау мен электрондық өнеркәсіптің әлемдік алыптары үшін жиынтықтауыштар мен бөлшектер өндірісін ұйымдастыру перспективалы. Сонымен бірге, өндірісінде алюминий компоненттері маңызды рөл атқаратын дамушы салалар өнімдерінің құрамдастары: IT өнімдері, электромобильдер және жасыл технологиялар, – дейді мамандар.
Қазақстанды алюминийдің жоғары өңделген өз өндірісімен қамтамасыз ету қажет, себебі қазірдің өзінде еліміз негізгі үлесі алюминийден жасалған (импортталатын) бөлшектер алып отырған өнімді белсенді экспорттайды:
- Жеңіл автомобильдер – автомобильдердің экспорты 2020 жылдың 10 айында 98 млн доллар (5 422 дана) болды, бұл 2019 жылдың 10 айымен салыстырғанда 2,7 есе көп,
- Жылжымалы құрамның бір бөлігі – экспорт 2020 жылдың 10 айында 88,9 млн долларға жетті, 2019 жылдың 10 айына өсім – 82,3% болған еді.