Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық боксшылар Назым Қызайбай мен Ангелина Лукас Стамбұлда өтетін әйелдер арасындағы Әлем чемпионатында бір-бірімен жекпе-жек өткізбейтін болды.
Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.
Әуелде Лукас пен Қызайбай Әлем чемпионаты – 2022-де бір салмақ санатында (50 келіге дейін) өнер көрсетеді деп жоспарланған еді. Турнирде қос қазақстандық боксшының бір-бірімен жекпе-жекке шығу ықтималдығы болды. Бірақ салмақ өлшеу нәтижесімен спортшыларымыз әртүрлі салмақ санатына түсті: Назым Қызайбай – 50 келі, Ангелина Лукас 52 келі.
Даулы мәселе бойынша бұған дейін Қазақстан құрамасынан кеткен Ангелина Лукас Стамбұлдағы Әлем чемпионатында IBA (Халықаралық бокс қауымдастығы) атынан шығып, Fair Chance Team командасының намысын қорғайтын болады.
Бүгін Түркияда бокстан әйелдер арасындағы Әлем чемпионаты жалауын көтерді. Еліміздің атынан 12 боксшы сынға түседі. Алғашқы жекпе-жек 9 мамырда өткізіліп, финалдық сайыстар 19-20 мамыр күндеріне белгіленген. Ел құрамасы сапында Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (52 келі), Дина Жоламан (54 келі), Карина Ибрагимова (57 келі), Римма Волосенко (60 келі), Аида Әбікеева (63 келі), Дариға Шәкімова (66 келі), Валентина Хальзова (70 келі), Надежда Рябец (75 келі), Гүлсая Ержан (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады. Қазақстандық боксшылар алғашқы жекпе-жегінде Канада, Колумбия, Пуэрто-Рико, Испания, Финляндия, Алжир, Өзбекстан, Кения, Түркия және Украина боксшыларымен кездеседі.