Бокс федерациясының бас бапкері Мырзағали Айтжанов қызметінен босатылды

14 Тамыз 2024, 19:28
3867
Бөлісу:
Бокс федерациясының бас бапкері Мырзағали Айтжанов қызметінен босатылды
Фото: ҰОК комитеті

Қазақстан боксында кадрлық өзгерістер орын алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, Париж Олимпиадасының қорытындысы бойынша кеңес өткізілді. 

Бокстан ерлер командасының бапкерлік құрамы толығымен жұмыстан шеттетілді. Қазақстан бокс федерациясының шешімі ҚР дене шынықтыру және спорт істері бойынша комитетімен мақұлданды, - делінген хабарламада.

Осылайша, келесі өзгерістер жайында хабарлаймыз:

1. Бас жаттықтырушы Мырзағали Айтжанов және бапкерлік құрамдағы 10 маман, ҚБФ вице-президенті Азиз Қожамбетов қызметтен босатылды.
2. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов Қазақстан бокс федерациясы президентінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды.

Жаңа бапкерлік құрам кейінірек таныстырылады.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарын 7 медальмен аяқтады. Ел қоржынындағы жалғыз алтынды Елдос Сметов еншіледі. 

Сондай-ақ қазақстандықтар үш күміс медаль иеленді. Гимнаст Нариман Курбанов, грек-рим күресінің өкілі Демеу Жадыраев (77 келі) және боксшы Нұрбек Оралбай (80 келі) тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

Париж Олимпиадасының қола медалін Назым Қызайбай (50 келі, бокс) және Александра Ле мен Ислам Сәтпаев (нысана көздеуден аралас командалық жарым) және дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) иеленді.

Өзгелердің жаңалығы