Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Боччадан беделді халықаралық турнир басталды

23 Тамыз 2025, 12:15
735
Бөлісу:
 Туризм және спорт министрлігі
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада алғаш рет боччадан "Astana 2025 World Boccia Challenger" беделді халықаралық жарысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сайыс Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Турнир барысында әлемнің 12 елінен келген спортшылар бақ сынайды. Жарыстағы көрсеткіштеріне байланысты оларға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар беріледі. Жалауы желбіреген іргелі сайыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде жарысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға үлкен көңіл бөліп отырғанына және бұл бағыттың негізгі басымдықтарына назар аударды. 

Сондай-ақ Федерация президенті Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отырған ірі халықаралық жарыстың маңызына тоқталып, турнирге Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, Иран, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Кипр, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерден келген 56 үздік спортшы қатысып жатқанын айтты. Мұндай ауқымды іс-шара елімізде паралимпиадалық спортты дамыту және баршаға тең мүмкіндік жасау жолында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі екені анық.

Боччадан беделді халықаралық турнир басталды

Қазақстанның инклюзия, теңдік, құрмет пен ерік-жігер дәріптелетін жаһандық қоғамдастықтың белді өкіліне айналғанын мақтан тұтамыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде параспортты дамытуға және бұл саланың қоғам үшін маңызы зор екенінеүнемі баса мән беріп келеді. Бүгінде Қазақстанда параспортшыларға өз әлеуетін іске асырып, мақсаттарына жетулері үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл ретте «World Boccia Challenger»турнирі де елімізде параспортты және инклюзия мәдениетін ілгерілетуге ықпал етеді деп сенеміз, – деп, Мәулен Әшімбаев беделді сайысты Қазақстанда өткізуді ұйғарғаны үшін Халықаралық бочча федерациясына және осы іске атсалысқан командаға алғыс білдірді.

Айта кетейік, елде параспортты дамыту бойынша Туризм және спорт министрлігі жүйелі жұмыстар жүргізуде. Жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға «мүгедектігі бар спортшының алып жүрушісі» деген ұғым енгізілді. Бұл І топтағы мүгедектігі бар спортшыларға спорттық іс-шараларға қатысу кезінде көмек алуға мүмкіндік береді. 

Сонымен қоса осы айда Орталық Азияда алғаш рет Азия Паралимпиадалық комитетінің конференциясы мен бас ассамблеясы өтті. Бүгінгі күні елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі белсенді дамып, жыл сайын 800-ден астам іс-шара ұйымдастырылып келеді.

Өзгелердің жаңалығы