Боччадан Сұлтан Орынбасаровты еске алуға арналған ашық республикалық турнир аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Боччадан ашық республикалық турнирдің жеңімпаздары анықталды.
Еліміздің 10 аймағынан 70-ке жуық спортшы бас қосқан жарыс 3 күнге жалғасып, жасөспірімдер және ересектер арасында жеңімпаздар белгілі болды.
Республикалық жарыс қорытындысы бойынша Астана қаласы 3-орынды, Павлодар облысы 2-орынды, Жетісу облысы 1-орынды иеленді.
Турнирдің шешуші күні жүлдегерлерді марапаттауға ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігінің вице-министрі Серік Жарасбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
Мәулен Әшімбаев жарыс өте тартысты өткенін айтып, Паралимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрінде еліміздегі бәсекелестіктің күшейгенін атап өтті.
Қазақстан бочча федерациясының президенті қатысушыларға алғысын білдіріп, боччаны дамытуға қарқынды үлес қосып жүрген аруларымызға жеке алғысын білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта республикалық және аймақтық деңгейде бірнеше жарыстар өткізіледі.